- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Хиджабты бір киіп,...
Хиджабты бір киіп, бір шешу қаншалық дұрыс? ҚМДБ өкілі жауап берді
Соңғы кезде хиджабты киіп, біршама уақыттан кейін оны қайта шешіп жүрген қыз-келіншектер көбейді. Мұндай әйелдердің қатарында тіпті халыққа танымал өнер адамдары мен блогерлер де бар. Орамалды бір рет киіп, қайта шешу қаншалық дұрыс? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы жауап берді.
Маманның айтуынша, шариғат бойынша дінді өзге адамдарға жаман көрсетпеу талап етіледі, дін жолындағы адам оны бұрмаламауы қажет. Дегенмен қазір дінге қарап, адамға баға беретіндер бар. Сондықтан орамалды шешу адамның жеке басының мәселесі болуы керек, яғни адамның орамалды киіп-шешкенінен дінге күйе жағылмауы шарт.
"Қазақ дәстүрінде дін жолында жүру өте жауапкершілігі мол амал. "Ұстай алсаң - қасиетің, ұстай алмасаң - қасіретің" деп те айтады. Дінді жарнама жасап, ақша табу үшін орамалға келу ауыр күнә болып есептелінеді. Ал кейбір адамдар дін жолына түскендей болып, біршама уақыттан кейін "дайын емес екенімді түсіндім" деп тастап кетіп жатады, дін бойынша бұл амал да күнә саналады. Бұл біріншіден, діннің парызы. Тіпті бұрынғы ата-бабаларымыздың өзі бұрын оранбаса да, кимешек киіп, жабық киінген. Дәстүрімізде, табиғатымызда орамалды бір киіп, бір шешіп оны мазақ көрініске айналдырмаған. Бұл жақсы тірлік емес, сондықтан дінге қатысы бар кез келген шешімді қабылдамас бұрын, жақсылап ойланған жөн. Яғни бір кірісті ме, оны енді тастамайтындай етіп бастау керек", - дейді маман.
Алайда кейде кейбір оранған қыздардың ата-анасы қарсы болып, қинап хиджабын тастатқызады. Маман мұндай жағдайға ата-ананың өзі кінәлі екенін жеткізді, өйткені ата-ана 18 жасқа толмаған перзентінің не істеп, немен айналысып жүргенін білуі қажет.
"Бізде орамал мәселесі балиғат жасынан бастап міндеттелінеді, балиғат жасы 13-14 жаста келіп жатыр. Келесі мәселе, дінге деген көзқарас. Қазіргі кезде қоғам арасында дін жолына түскен адамдарға теріс пікір қалыптасқан, яғни бір діни сектаға кіріп кетті деп ойлайды. Ал өздігінен ата-анасының рұқсатынсыз орынған қыздардың бұл іс-әрекетіне туғандарының өзі кінәлі деп ойлаймын. Өйткені, ата-ана 18 жасқа толмаған перзентінің не істеп, немен айналысып жүргенін білуі қажет. Сондықтан баланың өтпелі кезеңінде тәрбиесіне ата-ана көбірек көңіл аударуы шарт. Ал мұндай қателік болып, қыз ата-анасының рұқсатынсыз оранып қойса, ең алдымен қыздан дін, орамал туралы қайдан естіп білгенін нақтылау керек. Мүмкін ол құрбысынан естіді, мүмкін әлеуметтік желіден көрді, мешіттен бе, бәрін жіті анықтаған жөн. Орамалға келу негізінен әр адамның өз таңдауы. Қазақ дәстүрінде "баланы 5 жасқа дейін патшадай көр, 13 жасқа дейін құлдай жұмса, одан кейін досыңдай көр" деген әдемі түсінік бар. Бұл уақытта баланы досыңдай көріп, оның шешіміне қарсы шықпай, онымен ашық сөйлескен дұрыс", - деді ол.
Елбек Тасболатұлы қыз баласының орамалға қалай келгенін білгеннен кейін оның дін жолында жүруі қаншалық дұрыс екеніне мән беру керек екенін айтты. Оның сөзінше, қазір адамдар қарапайым мешіттен де қорқады, бірақ бұл дұрыс емес, себебі мешітте жоғарғы білімі бар, аттестаттаудан өткен адамдар жұмыс істейді. Діннен қашатын адам қайта дін туралы көп ақпарат алуы қажет, өйткені басқа да теріс ағымнан аулақ болу үшін дін білімінің іргетасы маңызды.
Сонымен қатар, дін өкілі қыз-балалардың ата-анасына да кеңесін айта кетті.
"Қыз-баласы теріс ағымға түскені анықталған жағдайда ата-ана қызын жат ағымнан қайтаруға күш салуы керек. Ал дұрыс бағыттағы қыздың таңдауына туғандарының қол сұғуына қақысы жоқ.
Бізде заң бойынша 18 жасқа толмаған адамның дербестік құқығы жоқ, осыған байланысты егер қыз ата-ана күштеуімен орамалын шешетін болса, оны күнәһар деп айта алмаймыз", - деп қорытындылады Елбек Тасболатұлы.
Айта кетейік, бұған дейін блогерлер ақша үшін орамал тартады деген рас па? ҚМДБ ресми мәлімдемесі хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Дәрігер болу үшін ҰБТ-да қай пәнді таңдау керек?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә