ХХІ ғасырда қазақ ауылы қандай болуы керек?

ХХІ ғасырда қазақ ауылы қандай болуы керек?
Фото: wikicity.kz

25 жыл бұрын біз жаңа жолға түстік – ол тәуелсіздік жолы. Бұл жол әсте оңай жол емес, себебі бұл жолда біз түрлі қиындықтарға, сын- тегеуріндерге жолығамыз, алайда егер біз халқымыз бен мемлекетіміздің гүлденуін шынайы қаласақ, біздің тәуелсіздік жолынан басқа таңдар жолымыз жоқ.  Біз күш-жігерімізді біріктіре отырып, жолымызға кезіккен кез-келген тосқауылдарды жеңіп, өзіміз таңдаған тәуелсіздік жолымен нық қадам басып жүретінімізге мен сенемін.

Менің ойымша, Үкімет жастарды мемлекеттік қызметке тарту, оларды басшылық қызметтерге тағайындау және осылайша олардың мүмкіндіктері мен қабілеттерін жетілдіру мәселесіне аса көп назар аударулары керек.

Жаһанданудың заманауи жағдайларында тек білікті мамандар мен дұрыс пікірлі тұлғалар ғана мемлекетті басқарып, еліміздің ұлттық мүдделерін қорғап,  ұлттық мақсаттарды іске асыруға өз үлестерін қосып, шыншыл және лайықты бола алады.

Осыған орай, білім беру саласының қызметкерлері, ата-аналар, зиялы қауым жасөспірімдер мен жастарды ұлтжандылық рухында тәрбиелеуге аса назар аударулары керек.

Біздің жастарымыз Отанды сүю, мемлекеттің нығаюына үлес қосу, ұлттық құндылықтарды бағалау  және мемлекеттіліктің басты негіздерін құрметтеу олардың киелі парызы екендігін білулері тиіс.

Отан — бұл наны мен суы тұла бойымызға ақыл, сенім мен үміт отын ұялататын аймақ. Бір сөзбен айтқанда, Отан әрбіріміз үшін дүниеге алғаш келген сәттен бастап бізді ыстық алақанына алып, сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан, баспана, отбасына, жақындарымызға бақыт сыйлаған жанашыр және мейірімді анамыз болып саналады.

Ата-бабаларымыздың қиын қыстау кезеңдерде Отанға адал қызмет еткендіктерін, оның дамуы мен халықтың өмірін жақсартуға өз үлестерін қосқандықтарын ешқашан естен шығармауымыз керек. Бұл біз үшін үлгі болып қалуы тиіс. Біз әрқашан мемлекетті құру және оны басқару, әсіресе қазіргі заманауи күрделі әрі сезімтал жағдайларда оңай еместігін түсінуіміз керек.

Енді агроөнеркәсіп (АӨК) кешенінің даму мүмкіндіктері жайлы сөз қозғасақ. Агроөнеркәсіп кешені мен оның базалық саласы, яғни ауыл шаруашылығы агроөнеркәсіптік нарықты, өндірістік және экономикалық қауіпсіздікті, ауыл аймақтарының еңбек күшін қалыптастырып, ел экономикасының жүйе құраушы  саласы болып саналады. Ауыл шаруашылығы өндірісінде 7 миллионға жуық адам жұмыс жасайды. Бұл ауыл аймақтары тұрғындарының жалпы санының 40%-ын құрайды. Ауыл аймақтарының проблемалары агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен ғана шектелмейді. Ауыл, ең біріншіден, бұл адамдардың өмір сүретін ортасы, ал содан кейін ғана – өндіріс саласы. Менің ойымша, ауылдарда әлеуметтік, мәдени және рухани тұрғылардан заманауи жағдайлар жасау-биліктің ең басты мәселесі болуы керек. Дәл сол себепті жер, медицина, білім беру реформалары, әлеуметтік қамсыздандыру реформалары шаруалардың өмір сүру сапасын жақсартуға жұмыс жасаулары қажет. Менің ойымша, ауыл аймақтарының кешенді дамуы- бұл Қазақстандағы аймақтық саясат үшін бірден-бір бағдар. Ауыл аймақтарында табыстың және өмір сүру сапасының жоғарылауы мемлекеттік саясаттың базалық басымдықтарының бірі. Үкіметтің, сонымен қатар барлық деңгейдегі билік өкілдерінің маңызды міндеттерінің бірі- ауыл аймақтарында жаңа жұмыс орындарын құру, жас мамандарды ауылдың дамуына үлес қосуға тарту, ауыл шаруашылық мекемелерін қолдау, ауылда жоғары экспорттық сұранысқа ие ірі және көп салалы тауар өндірісін құрастыруға ықпалдасу болу керек деп санаймын. Осыған байланысты, Үкіметтен қолданыстағы бюджеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығына бағытталған шараларды толық қаржыландыруларын сұраймын. Бұл міндеттерді іске асыру арқылы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу шарттары жасалатын болады. Стратегиялық мақсатқа мен ауыл шаруашылық өндірісінің тауарлығын арттыру және ішкі нарықты жоғары сападағы өніммен қамтамасыз етуді жатқызамын.

2020 жылға дейінгі мерзімде АӨК Мемлекеттік даму бағдарламасының басымдықтары анықталуы керек:

Өндіріс саласында – селекция мен тұқым шаруашылығын, өндірістің орналасуы мен технологиясын қамтитын, белгілі бір шамада ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін астық кешені;

Мал шаруашылығы (сүт және ет өндірісі) — елдің бәсекелестік басымдығын пайдаланатын жүйе құраушы саласы;

Әлеуметтік ортада  – еңбек ресурстары-ның, сонымен қатар елдің территориялық бүтіндігінің сақталуының міндетті шарты ретінде ауыл аймақтарын тұрақты түрде дамыту;

Өндірістік әлеуетті дамыту саласында ауыл шаруашылық мақсатындағы жер мелиорациясы, бос жатқан егістік жерлер мен өзге де ауыл шаруашылық негіздерді қолданысқа беру;

Экономика саласында  – АӨК дамытудың инновациялық моделіне көшу шарты ретінде ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің кірістілігін арттыру;

Институционалды салада – кооперация-ларды, АӨК- дегі интеграциялық байланыс-тарды дамыту және  өнімдік кешендер мен аймақтық кластерлерді қалыптастыру;

Ауыл шаруашылығының импорттың орнын алмастыратын салаларын, оның ішінде көкөніс шаруашылығы мен жеміс өсіруді дамыту;

Мал шаруашылығын өсімдік ақуыз жемшөпімен қамту;

Ауыл шаруашылық өнімдері мен азық- түліктерінің экологиялық таза және қауіпсіз болуы;

Ауыл шаруашылық өнімдерінің, шикізаттарының және азық- түліктерінің экспортының өсуі;

Ауыл шаруашылық өндірісі мен азық- түлік өндірісін елдің аймақтарына рационалды орналастыру есебімен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын логистикалық шығындарды азайту және өзге факторларды оңтайландыру.

Тек қана мемлекет пен ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің біріккен күш салулары – тұтынушылық, несиелік, қызмет көрсету, кәсіпкерлік белсенділікті жандандыру т.б. арқасында ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық нәтижелілігін арттырып, ауылдағы өмірдің жоғары әлеуметтік стандарттарына қол жеткізуге болады.

Ауылда кооперацияларды дамытуды қолдаудың маңыздылығына тоқтала кеткім келеді. Билік тарапынан ауыл шаруашылық қызмет көрсетуші кооперативтерге, олардың құрылу деңгейіне одан әрі дамуы үшін кепілді мемлекеттік қөмек көрсетілуі тиіс. Билік ауыл шаруашылығы өнімінің нарыққа шығуы деңгейінде қолдау көрсетуді, ауыл шаруашылық өнімінің тауар өндіруішісінің тұтынушыға тікелей жақындатылуын кепілдендіруі керек, сонымен қатар заманауи нарық механизмдерін қалыптастыруы тиіс.

Жергілікті билік өкілдері кәсіпорындарға ауылшаруашылық өнімдерін сату бойынша жәрмеңке мен көрмелер ұйымдастыруға да өз үлестерін қосуы керек, ауыл шаруашылық өнімдерінің көтерме нарығының тиімді жұмысын реттеуге тиіс. Ауылдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету тиімділігі ауыл аймақтарын дамытуға бағытталған бағдарламалы – мақсатты тәсілдерді енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Ауыл аймақтарының әлеуметтік- экономикалық даму басымдықтары 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Аумақты дамытудың мемлекеттік стратегиясының жаңа жобасында сонымен бірге әлеуметтік және экономикалық дамытудың сәйкес аумақтық стратегияларын құрастыру және толықтыру барысында көрсетілуі тиіс. Заманауи қазақ ауылы инвес-тицияларды жұмылдыру және кәсіпкерлік белсенділікті қалыптастыру үшін дамыған инфрақұрылым- платформаға ие болуы керек. Аграрлы нарықты кешенді дамыту, жолдарды, көліктерді, тұрғын- коммуналды және инженерлік салаларды дамыту оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Және бұл аталғандар да Үкімет пен биліктің басымдықтары болуы қажет.

Ауыл аймақтарын дамыту проблемаларын мемлекеттің базалық функцияларын жүзеге асыру тәсілі және өз аумақтарын қорғау ретінде қарастыру қажет. Бұл жерде, ауыл шаруашылығын өндіріске қарсы қою емес, жоғары технологиялар мен техниканың жаңалықтарымен толыққан заманауи өміріміздегі аграрлық саланың рөлі туралы айтқым келіп отыр.

Біз түбегейлі жаңа қоғам жасаймыз- ол білім қоғамы. Ауылдық жерлер  адамдардың жұмыс істеуі мен өмір сүруінің ең жайлы ортасына айналуы тиіс. Тек ауылдық жерлер ғана адамның толыққанды өмір сүруіне қажет жағымды экологиялық жағдайлар жасай алады, жеке, ыңғайлы, кең тұрғын үйлер, сапалы өнімдер бере алады және табиғатпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік туғызады.

Бұған тек қоғамымызда ауылдық өмірге деген қалыптасып қатып қалған көзқарасты түбірімен өзгерте отырып қана қол жеткізе аламыз.   Бізге ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жобалары мен бағдарламаларын құру аздық етеді, сонымен қатар ауыл аймақтарының нақты әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің шешімдері қажет. Ең алдымен, білім қоғамында көрініс табатын ауылдың жаңа мүмкіндіктерін түсініп алуымыз керек.

Экономиканың аграрлық секторындағы инновацияларсыз тек біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлем терең дағдарысқа ұшырайды. Оның алдын алу үшін XXI- ғасырдың бірінші жартысында тамақ өнімдерінің өндірісін екі есе арттыру керек.

Ауылдық білім беру, денсаулық сақтау, көлік және ақпараттық коммуникациялар жүйесі құрылмаған болса, ауыл аймағындағы адам әлеуеті дами алмайды.

Қазақ ауыл аймақтарына ақпараттық технологиялар қысқа мерзім ішінде енгізілуі тиіс. Тап солардың негізінде ауыл экономикасын дамыта аламыз. Ақпараттық технологияларды аграр секторының басқарма және өндірістік тәжірибесіне енгізу қажет. Сапалы және жедел ақпараттардың болмауы біздің өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты, бізге ауыл шаруашылығының хал ахуалы, ауыл шаруашылық жер егістіктері, нарық жағдайлары, өндіріс пен ауыл шаруашылық өнімдерін тұтыну балансы туралы нақты жедел ақпарат қажет. Тек заманауи ақпараттық- техникалық құралдарды пайдалана отырып қана біз жағдайды дұрысырақ бағалап, маңызды шешімдер қабылдай аламыз.

Ауылда өзгерістер катализаторы ретінде «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорымен» бірге банктік құрылымдар да қолданылуы тиіс. Тап осылар инвестициялық белсенділік пен оның бағытын анықтайды. Оларсыз ауыл экономикасының заманауи құрылуын елестету мүмкін емес. Банктер ауыл тұрғындарына несие беруді ынталандыратын шараларды мемлекеттік деңгейде құрастырып, қабылдау керек. Несие ресурс-тары ауыл аймағында орналасқан экономика жағдайы үшін қол жетімді болу керек. Ол үшін барлық несие ұйымдарын қамтитын ауылдық қаржылық- несиелік жүйе құру керек.

Ауылдық отбасыларға жаңа техника мен технологияларды пайдаланудың заманауи негізінде өмір сүру жағдайларын жақсарту мен өндірісті қолға алу үшін қолжетімді несиелер мен қайтарымсыз ақшалай көмек көрсетілуі керек.  Ауыл аймақтарында көп балалы отбасылар санының артуын экономикалық тұрғыдан ынталандыру қажет. Бірнеше баласы бар ауыл жұмысшыларына салық жеңілдіктерін жасау керек.

Информатика, молекулярлы физика, нанотехнологиялар, генетика және өзге де осы сынды ғылымдардың жетістіктері ауыл шаруашылығының өндірісінде қолданылатын биотехнологияларға айналуы тиіс. Ауыл құрылысына жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялар қажет етіледі. Ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтары биоотын өндірісінің жаңа көзіне айналуы тиіс. Ғылым ең алдымен, қазақ ауылдарының жаңа өмір сапасына қол жеткізулеріне көмек көрсетуге міндетті. Бұл заманауи жағдайларда олардың алдарында тұрған жаһандық басты мәселелерінің бірі.

Енді ауылда орташа класты қалыптастыруға бағытталған бірнеше негізгі басымдықтарды атап өтсем деймін.

Біріншіден, ауылдарда өз қызметінде ауылдың орташа класын қалыптастыруға жағдай туғызатын, шағын және орта бизнес құрылымдарының кәсіпорындары ашылуы тиіс.

Екіншіден, ауылдардың территориялық дамуын, әлеуметтік мекемелердің, оқу орындарының, спорттық және туристік базалардың, кооперативтердің жаңа объектілерін орналастыру мәселесін ойластыруымыз керек.

Үшіншіден, ауыл тұрғындарының еңбек етуінің басты формасы кооперация болуы тиіс. Ол адам өмірінің барлық жағын қамти алады: ауыл шаруашылық өнімін өндіру және қайта өндіру, өзара несиелендіру, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлікті дамыту.

Сатып алулар қызметінің ұйымдарың, көтерме сауда нарығында сату нүктелерін ашудың, ауыл шаруашылық мекемелерінің фирмалық сауда желісін дамытудың маңызы зор.

Төртіншіден, жас мамандарға ауыл кооперативтерін, шағын және орта кәсіп-орындар ашуларына, сонымен қатар оларға ауыл тұрғындарын тартуларына бағыт- бағдар беруіміз керек. Мемлекет өз кезегінде жеке шаруашылық пен фермерлерге әділ әрі адал қарым- қатынас қалыптастыруы керек.

Бесіншіден фермерлік шаруашылықты дамыту бойынша әлеуметтік бағыттарды және олардың орташа класты қалыптастырудағы рөлін ескере отырып, несие бөлуді ауыл саласын қолдауға бағытталған бірден- бір оң қадам деп білу керек және осы несиелердің берілуін жеңілдетілуіне қалайда қол жеткізу керек.

Тағы бір басты мәселе. Бүгінгі таңда ауылдық аймақтар білікті мамандарға мұқтаж. Ауыл шаруашылық саласындағы жоғары оқу орындарының түлектері тек сала мамандары мен білімді азаматтар болып қана қоймай, сонымен қатар белсенді ұйымдастырушылқ қасиеттерге де ие болғандары дұрыс. Олар ауылға қатардағы жалданған жұмысшылар ретінде емес, жаңа ауыл кәсіпорындары мен өндірістерін құруға бастаушы ретінде барулары керек.

Аграрлық мамандықтарға кәсіби дағды ауылдағы өмір дағдысын толықтыруы керек. Жерге, ауылға деген сүйіспеншілік, адамдарына деген құрмет, дамытудың тарихы мен мүмкіндіктерін білу, жергілікті салт- дәстүрлерді мойындау, бұлардың барлығы да ауылдық отанжандылықтың белгілері. Олар біздің азаматтарымыздың аяққа тік тұруына, кез- келген тұрғыда мәселелерін шешуге мүмкіндік туғызады.

Ауылдарға қомақты инвестициялар қажет екендігін түсінуіміз керек, себебі тұрғындардың өмір сүру сапасы мен ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жағдайы инвестицияларға байланысты.

Инвестицияларды ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына, орташа класты дамытуға  жұмылдыру оның материалдық базасын нығайтып, біртіндеп дамыған елдер стандарттарын қуып жетуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жергілікті айрықшалықтар мен адамның терең мотивацияларының есебімен ішкі резервтерді іздеуге бағытталған бастамаларды жан- жақты қолдау керек.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, біздің ауыл шаруашылығымыз жоғары рентабельді, көп салалы, жоғары экспортқа әлеуетті жоғары механизмді өндірісті болуы керектігін айтқым келіп отыр. Ауыл шаруашылығымыздың басты негізі ірі шаруашылықтар – агроқалашықтар болуы тиіс, сонымен бірге  мемлекет тарапынан көңіл бөлінуге тиіс қосалқы шаруашылықтарымыз бен ауыл шаруашылық учаскелерімізді де назардан шығармауымыз керек. АӨК дамуында біз ауыл шаруашылық шикізаттарының қайта өңделу тереңдігіне аса көңіл бөлуге тиіспіз.

Біздің ауылымыз инновациялы болуы керек, онда шағын және орта бизнестерді дамытуға жағдайлар жасалып, сонымен қатар ауылдарымызда барлық өркениет орындары, атап айтқанда балабақшалар, мектептер, ауруханалар және мәдениет ошақтары болуы қажет. Міне, 21 ғасырдағы қазақ ауылын мен осындай қалыпта көргім келеді.

Рүстем ДОСЫМҚҰЛОВ

urker.kazgazeta.kz

T. Кіршібаев