ХХІ ғасырда жарықсыз: Степногорда шағын аудан екі жылдан бері жарықтың зардабын тартып отыр

ХХІ ғасырда жарықсыз: Степногорда шағын аудан екі жылдан бері жарықтың зардабын тартып отыр
Фото: Автордан

Степногор қаласында тұтас шағын аудан екі жылдан бері жарықтың зардабын тартып келеді. Электр энергиясы үнемі ажыратылып қалатыны қажытқан тұрғындардың билікке өкпесі қара қазандай, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша қала маңындағы шағын аудан екі жылдан бері осындай күйді бастан өткеріп келеді. Жарық әсіресе жазғы уақытта ыстық су ағытылғаннан кейін сөніп қала береді. 

"Ыстық суды ағытқаннан кейін жұрттың бәрі титан мен аристондарын қосып су ысытады. Ал жарық қуаты мұны көтермей бірден сөніп қалады. Әр жаз сайын дәл осындай жағдай. Әбден жалықтық. Кәдімгідей орта ғасырда өмір сүріп жатқандаймыз", - дейді Степногор қаласының тұрғындары. 


Степногор қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қосалқы стансаның жүктемені көтермейтінін мойындады. Сондай-ақ жағдайдың жақын арада қалпына келтіруге тырысатындарын жеткізді.

"Аталған жағдай қосалқы станса желілері жүктемеге шамасы жетпеуімен байланысты болып отыр. Өткен жылы жаңа желілер тартылып трансформатор қосылған. Ол "Степногор Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнынан қуат алады. Осы айда Пригородный шағын ауданындағы 115, 116, 117, 118, 119, 120  үйлерді электрмен қамту желілеріне қызмет көрсетуге конкурстық рәсімдер өткізілмек. Тұрғындардан төзімділік танытуды сұраймыз. Жақын арада қалпына келтіріледі", - дейді Степногор қалалық әкімдігінен. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы