Әлемдік нарықта алтын бағасы 2000 жылдан 2025 жылдың соңына дейін 12 есе өскен. Бұл туралы Гайдар институтының аға ғылыми қызметкері Антонина Левашенко РИА Новости агенттігіне берген пікірінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сарапшының сөзінше, Дүниежүзілік банк статистикасына сүйеніп, ХХ ғасырдың соңындағы, яғни 2000 жылғы және 2025 жылдың соңындағы металл бағаларын салыстырғанда, негізгі металдардың басым бөлігі қымбаттағаны байқалады. Солардың ішінде ең жоғары өсім алтынға тиесілі.
"2000 жыл мен 2025 жылдың соңындағы көрсеткіштерді салыстырсақ, негізгі металдардың көбі қымбаттаған. Алайда ең көп өскені - алтын. Оның бағасы 12 есе артқан", - деді сарапшы.
Осы аралықта мыстың бағасы 5,87 есе, темір кенінікі 3,39 есе, никельдікі 1,71 есе, ал алюминийдікі 1,66 есе өскен.
Антонина Левашенконың айтуынша, ХХІ ғасырда металл бағасының қымбаттауына әлемдегі тұтыну бағаларының жалпы өсуі әсер еткен. Бұған кен өндіру мен өңдеу шығындарының артуы, энергия мен жабдық бағасының қымбаттауы, сондай-ақ АҚШ доллары бағамының өзгеруі де ықпал етті.
Негізгі өнеркәсіптік металдар бағасының құбылуына қаржы нарықтарындағы дағдарыстар да әсер еткен. Соның ішінде 2008–2009 және 2019–2020 жылдардағы экономикалық күйзелістер, сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістер маңызды рөл атқарған.
Сарапшы мұнай мен басқа да энергия көздері бағасының құбылуы металл нарығына да тікелей әсер ететінін атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz