- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ХХ ғасырда ең...
ХХ ғасырда ең қауіпті саналған хакер қайтыс болды
ХХ ғасырдың ең қауіпті хакерлерінің бірі болған америкалық Кевин Митник 59 жасында Лас-Вегаста қайтыс болды, - деп хабарлайды The New York Times.
Басылым ақпараты бойынша, Кевин Митник ұйқы безі қатерлі ісігінің асқынуынан көз жұмған. Оған бұл диагноз бір жылдан асық уақыт бұрын қойылған еді, Питтсбург университетінің медициналық орталығында ем алған.
1990 жылдары Кевин ең қауіпті америкалық хакерлердің бірі болды. Ол бүкіл ел бойынша компьютер қолданушыларының несие картасы бойынша деректер жинақталған файлдарды қолды қылған. Әртүрлі компьютер жүйесі мен телефон желілеріне хакерлік шабуыл жасаған. Сол кезде АҚШ қауіпсіздік қызметі оны "әлемдегі ең қауіпті хакер деп танып" іздеумен белсенді айналысты. 1995 жылы (іздеу жарияланғаннан кейін 2 жыл өткен соң барып) ғана қолға түсірді. Оны компьютерлік алаяқтық пен телефон мәліметтерін қолды етті деп айыптады. Оның шабуылынан Digital Equipment Corporation, Apple, Nokia, Motorola және басқа да компаниялар зардап шеккен деген деректер де бар.
1998 жылы Кевиннің жақтастары The New York Times газетінің веб-сайтына хакерлік шабуыл жасап, жұмыстарын тоқтатуға тырысты. Кейіннен хакер кей алаяқтығын мойындап жаза алды, дегенмен оның адвокаттары көп ісін ақтап шықты. Нәтижесінде істің ұзаққа созылуы мен кей айыптар бойынша ақталуына байланысты түрмеде 11 айдай уақыт қана отырды.
2000 жылы бостандыққа шыққаннан кейін кітап жазып, жазушылыққа бет бұрған. Публицист ретінде де танылды. 2003 жылы ғана оған компьютерлік техникаларды қолдануға рұқсат берілді. 2010 жылы компьютер қауіпсіздігі бойынша кеңесші болған. Компьютерлік және желілік қауіпсіздік қызметімен айналысатын Defensive Thinking Inc. компаниясын құрған.
О. Сансызбай