“Хезболлаға“ қатысты жағдай, Насралланың өлтірілуі: Қазақстан неден қауіптенуі керек?

Бірнеше күннен бері әлемдік және қазақстандық БАҚ "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралла өлтірілгенін жазып жатыр. Таяу Шығыстағы жағдайдың Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін?

Massaget.kz тілшісі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұловпен сұхбаттасып, өзекті сауалдарға жауап іздеді.

"Хезболла" кім, Хасан Насралла кім?

Сарапшының сөзінше, "Хезболла" – 1980 жылдары Палестина-Израиль соғысы кезінде көршілес мемлекет – Ливанда қақтығыстардың ушығуымен, Палестинаның әсерімен, Иранның да ықпалымен құрылған саяси-әскери күш. Ол соңғы 40 жылда "Палестинаны азат ету" деген желеуді қолданып, Таяу Шығыстағы шейіттік арабтардың арасында өз ықпалын арттырған. Ал оны қолдап келген – Иран.

"Хезболла" – революцияны араб аймағына тарату мақсатымен жұмыс істейтін үлкен идеологиялық топ. Мақсаты – Таяу Шығыстағы стратегиялық басымдығын, ықпалын арттыру. Осы үшін Палестинаны қолданып, Израильдің тура бүйірінде – Ливанда шейіттердің ықпалын арттырды. Яғни Иран бірнеше конфессияға, дінге, ұлтқа бөлінетін өте сезімтал, шытынауға бейім күрделі мемлекетте "Хезболланы" құрды, ол үлкен әскери күшке айналды. Дрондары, ракеталары бар, аймаққа үрей салып отырады, Израильге де қысым көрсетіп отырады. Қысқасы, Палестина мәселесін пайдаланып, Иран араб шейіт белдеуін құрып отыр", – дейді Жанат Момынқұлов.

Маманның айтуынша, "Хезболланың" лидері Хасан Насралла – соңғы 30-40 жылдағы үлкен беделі бар, "харизмасы" бар көшбасшы.

Сарапшы оның қасында 18 қолбасшысымен бірге өлтірілуін үлкен саяси оқиға деп бағалады. Оның үстіне "Хезболлаға", Иранға психологиялық әсері қатты болатынын мәлімдеді.

"Бұған дейін былтыр қазанда "Хезболла", Иран қолдаған ХАМАС үлкен арандатушылық жасап, 1000-нан аса Израиль азаматын өлтіріп, баса-көктеп кірген болатын. Осыған Израиль өзінің жауабын қазір беріп отыр. Бұған дейін түсініксіз жағдайда Иранның президенті өлді. Одан кейін ХАМАС-тың басшысы өлтірілді. Өткен апталарда "Хезболланың" дронға, ракеталарға жауапты қолбасшылары да өлтірілді. Қысқаша айтқанда, осы апта "Хезболланың" тарихында үлкен құлдырау кезеңі деп айтуға болады. "Хезболла" – институционалды тұрғыдан әбден орныққан ұйым. Насралланың өлуімен өзінің болмысын тоқтатпайды, әрі қарай да өзінің әрекеттерін жасай береді. Бірақ бұл үлкен соққы болды, олар не істеуге болатынын ойланып жатыр. "Жауабын береміз" деді, бірақ әзірге жауабын берген жоқ", – деді сарапшы.

видеодан кадр

Саясаттанушының пікірінше, осы жағдай арқылы Израиль ең мықты күш екенін, технологиялық, әскери жағынан күшті екенін дәлелдеді, одан да бөлек көзірлерімен "тосынсый" жасай алатынын нұсқады.

"Батыс қолдаған Израиль өзінің технологиялық күшін көрсетті. Пейджерлердің жарылуы бар. Бұл да IT мамандардың үрейін туғызды. Егер пейджерлерді қашықтан жара алатын болса, "демек, мобильді гаджеттермен де сондай нәрсе жасауға бола ма?" деген сұрақ туғызды. Оған себеп – ХАМАС, "Хезболланың" арандатулары. Соңғы бір жылда "Хезболла" Израильді қайта-қайта атқылап келді. Оған дейін 1982 жылы соғыс болған. Ол кезде Израиль мен Ливан арасында кескілескен соғыс болды. Басында Палестина мен Израильдің арасында басталған дау қазір бірте-бірте Иранның қатысуымен "Хезболла", Иран және Израильдің арасындағы дауға ұласып бара жатыр. Арабтар 4 рет жеңілгеннен кейін саябырсыды. Тек қарсыласатын ХАМАС қалды", – деді маман. 

x.com/ArturoVilla

Қазақстанға мұның қандай әсері болуы мүмкін?

Сарапшының айтуынша, Таяу Шығыстағы ахуалдың Орта Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға тікелей әсері болмайды, бірақ кейбір тұстарды ескеру қажет.

"Технологиялық, әскери жағынан жаңа әдістердің қолданылуының жанама түрде болса да Орталық Азияға, Қазақстанға ақпараттық жағынан әсері болады. Өйткені Израиль жанжалы мен Украина жанжалы бір-біріне байланысып кетті. Израиль жанжалының ушығуы Ресейге тиімді. Сондықтан ол жанама түрде Иранды қолдап отырады. Иранды Ресей де, Қытай да қолдап тұрғанын болжап айтуға болады. Израиль – қанша дегенмен де Американың Таяу Шығыстағы ең үлкен әскери базасы. Ол жерде тұрақсыздық болғаны, халықаралық назар басқа жаққа ауғаны Ресейге де керек. Шығыс авторитарлық күштері Палестина жағын қолдап отырғанын білеміз. Батыс елдері Израильді қолдап жатады. Әлемдік сахнада да халықтың көбі Палестинаға іштей жылы қарап жатқаны белгілі. Бұл үлкен халықаралық құқық мәселелерін көтереді. Жер тұтастығынан бастап мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне дейін бар. Израиль үлкен алпауыт күшке ие. Сондықтан оның осы әрекеті үлкен дүмпу әкелді. Иран да, "Хезболла" да шок хәлінде. Мұның бәрібір халықаралық әсері қатты болды", – деп түйіндеді сарапшы.

©️ Times of Israel

Еске салайық, бұған дейін Израиль әскері "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралла өлтірілгенін мәлімдеді.

"Әуе күштері барлау қанаты мен қорғаныс жүйесінің нақты барлау басшылығымен Бейруттың Даха ауданындағы тұрғын үйдің астында, жерастында орналасқан "Хезболланың" орталық штабына соққы берді. Шабуыл "Хезболланың" жоғарғы басшылығы штаб-пәтерде болған кезде және Израиль мемлекетінің азаматтарына қарсы террористік әрекеттерді үйлестірумен айналысып жатқан кезде жасалды", – деп жазылған еді хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!