“Хезболла“ Рим папасына хат жолдады

"Хезболла" қозғалысы Рим папасы XIV Леоға хат жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Анадолы" агенттігіне сілтеме жасап.

Рим-католик шіркеуінің басшысына жолданған хатта "Хезболла" басшысы Наим Касем Ливан – түрлі діндер мен мәдениеттерді жалғаушы көпір екенін айтып, оның бұл елге жасайтын сапарын құптайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, хатта адам құқықтарын қорғауға ерекше мән бергені үшін Рим папасына алғыс білдірілген. Онда қазіргі әлемдегі жанжалдардың негізгі себебі кейбір тараптардың өзгенің құқығын мойындаудан бас тартуы екені атап өтіледі.

"Хезболла" жетекшісі Израильдің Газадағы палестиналық халыққа қарсы шабуылдарын "ашық геноцид" деп сипаттады.

"Кейінгі екі жылда Газадағы бұл қасірет жерін, отанын және өзін-өзі басқару құқығын тартып алып отырған сионистік оккупацияның кесірінен туындап отыр", – делінген мәтінде.

Қозғалыс өкілдерінің пайымдауынша, Израильдің басып алуы мен тоқтаусыз шабуылдары ливандықтардың қауіпсіздігіне және елдің тұрақтылығына қатер төндіреді. Сонымен қатар, Ливанға жасалып жатқан соққыларға "көз жұмылмауға тиіс" деп көрсетілген.

Касем Тель-Авивті бірқатар ірі мемлекеттің қолдап отырғанына назар аударды.

"Хезболла" лидері Ливанға қарсы жасалып жатқан қысым мен шабуылдар мәселесінде Рим папасы "әділдік пен әділеттілікті қорғау ұстанымын" танытады деген үмітін білдірді.

Еске салайық, өткен жексенбіде Израиль әскери авиациясы Бейруттің оңтүстік шетінде орналасқан тұрғын үйге зымыран соққысын жасаған еді. Нәтижесінде "Хезболланың" жоғары лауазымды қолбасшысы Хайсам Табтабаи қаза тапты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!