“Хайппен емес, байыппен сұрақ қойыңыздар“. Еділ Жаңбыршин комитет отырысында тосын ескерту жасады

“Хайппен емес, байыппен сұрақ қойыңыздар“. Еділ Жаңбыршин комитет отырысында тосын ескерту жасады
Фото: t.me/mazhilis_kz

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин комитет отырысында тосын ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілісте "Теңізшевройл", "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." және North Caspian Operating Company компанияларының реттелетін сатып алуындағы Қазақстан үлесін арттыру мәселесі бойынша комитет отырысы өтіп жатыр.

Қатысушыларға регламентті түсіндірген депутат былай деп ескерту жасаған:

"Сұрақ қоюшыларға ескертетін жайт: қоятын сұрақтың бәрі бүгінгі тақырып аясында болуы керек. Хайппен емес, байыппен сұрақ қойыңыздар. Этикадан шығып, тақырыпқа қатысты емес сұрақ қойылатын болса, техникалық қызметкерлер, ол адамның микрофонын өшіріп тастаңыздар!"

Айта кетейік, депутаттың өзі де бұған дейінгі Мәжіліс отырыстарында түрлі мәлімдеме жасағанымен жұрт есінде. Бұған дейінгі отырыстардың бірінде депутат Еділ Жаңбыршинге Air Astana АҚ бұрынғы бас атқарушы директоры Питер Фостердің реакциясы ұнамай, "сіз осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз!" деген еді.

Кейін қоғамда оның бұл сөзі қызу талқыға түсті. Ал депутаттың өзі "үндемей, түйеқұсқа ұқсап, құмға басымды тығып, "мәдениетті депутат" болғаннан гөрі, осындай "мәдениетсіз депутат" болғаным артық! Кейде ондайларға "қыртпай, менің орныма келіп отырып көріңдер" дегім келеді!" деп жауап берген болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget