Хайп пен лайктың құны қымбат болды: эфирде балағаттаған “TikTok жұлдыздары“ жауапқа тартылды

Заңсыз контент таратқан 20-дан аса стример жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, көп қаралым, лайк, донат жинауды көздеген олар тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған.

"Мұндай контент күн сайын кең аудиторияға, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады", - деді полиция.

Кімдер жаза арқалады?

Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісінде тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-та тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған ол бұл жолы әкімшілік айыппұл арқалады.

Павлодар қаласында 26 жастағы Аслан Амантаев көлік тізгінінде отырып тікелей эфир жүргізген, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Ол сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Түркістан қаласында bayan_kyz, fatima.sh0000 және fatima_s003 никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева жауапкершілікке тартылды. Ол тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз