Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазіргі қоғам негізгі мәселелерге назар аудармай, жеңіл контент ағынына ере кеткеніне қынжылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Байқасақ, әлеуметтік желіде де, қоғамда да тұщымды ой-пікірге, терең талқылауға деген сұраныс азайған, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Қазіргі тренд - жеңіл-желпі әңгіме, тез тарап кететін хайп, жалаң ұрандар мен инфосығандардың рилстары. Бұл бір жағынан, уақыт талабына сай болудың нәтижесі шығар - бәрі жылдам, қысқа, қарапайым болғанын қалайды. Бірақ осындай үрдістердің арасында терең мазмұн жоғалып бара жатқаны алаңдатады", - дейді ол.
Депутат сөзінше, қоғам басты мәселелерге назар аудармайды.
"Ойланып қарасақ, қоғамның ой-өрісі жеңіл контенттің ағынында қалқып жүргендей көрінеді. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: бұл келешекте бізге не береді? Нәтижесі не болмақ? Ұрандар мен хайптар өтпелі, ал терең мазмұн мен күрделі ойлар - тарихтың негізі. Бюджеттің тапшылығы, нашақорлықты алдын алу жолдары, білім мен денсаулық саласының проблемалары, дамуы, балалар мен жастардың болашағы, салық кодексінің жаңа қауіпті нормалары сияқты маңызды мәселелер ешкімнің назарын аудармайды. Жаңа бастамаларымыздың да сұранысқа ие болмауы таңғалдырмайды. Өзіміз сауатты, талғампаз болмайынша, ештеңе өзгермейді.
Мүмкін, бізге терең ойлауды сәнге айналдырудың жолын табу керек шығар? Не ойлайсыздар?" - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек пен тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтқан еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!