Хасан Қасымбаевтың ұсталуы: полиция мән-жайды айтты

Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері Хасан Қасымбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген. Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - дейді ПД өкілдері. 

Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.

Еске салайық, бұған дейін талғарлық Шерзат Болаттың өлімінен кейін аты қызу талқыға түскен хуторлық Хасан ұсталғаны хабарланған еді. 

Бұған дейін ел арасында Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың өлімінен кейін күдіктілердің "Хутор" қылмыстық тобына қатысы бар екені және аталмыш топтың басында Хасан Қасымбаев есімді азамат тұр деген әңгіме тараған болатын. Желіде Хасанмен түскен әншілердің суреттері тарап, көпшілік оларды сынға алған еді.

Кейіннен атышулы Хасан әлеуметтік желіде төбе көрсетіп, "менің еш қатысым жоқ" деп сұхбат берген болатын.

Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаменті өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

“Қазақ болып күресеміз“. Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған, "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!