Хасан Қасымбаев сотта тосын мәлімдеме жасады

Хасан Қасымбаев сотта тосын мәлімдеме жасады
Фото: ашық дереккөз

10 қарашада Талғар ауданы сотында айыпталушы Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Хасан Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және бопсалау. Онымен бірге тағы бес адам айыпталушылар қатарында. Істе екі жәбірленуші бар, олар - ММА файтері әрі жаттықтырушы Арман Әлімов және кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.

Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталған болатын.

Хасан Қасымбаевтың соттағы сөзі

Хасан Қасымбаев бұл іс тек жәбірленушінің сөзіне сүйенгенін айтты. Оның пікірінше, тергеу мен сот барысында Қылмыстық-процестік кодекстің көптеген нормасы бұзылған.

"Бұл істі көпшілікті тыныштандыру үшін қолдан жасады. Кінәлі адамды көрсету керек болды, сол рөлге мені таңдады. Кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Барлығы тек жәбірленуші Әлімовтің сөзіне сүйенген, ол есірткіге тәуелді және бұрын сотталған", - деді Қасымбаев.

Сондай-ақ, ол өзін Шерзат Болат ісі төңірегіндегі резонанс пен "Әлімовтің жалған айғақтары" үшін соттап жатқанын айтты.

"Мені Шерзат Болат ісі төңірегіндегі резонанс үшін, қоғамды тыныштандыру мақсатында соттап жатыр. Тағы бір себебі - Әлімовтің жалған сөздері. Ешқандай дәлел жоқ. Мен Құдай алдында да, заң алдында да тазамын. Үйде мені отбасым, балаларым күтіп отыр. Соттан әділ шешім шығарып, қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауын сұраймын", - деді ол.

Хасан Қасымбаевтың айтуынша, "жәбірленуші Әлімов оны "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деген жалған ақпарат таратқан".

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget