Кейінгі тәулікте Харьковта жарылыс болды. Сондай-ақ, Запорожье атом электр станциясының директоры Ресей тұтқынынан босатылды. Massaget.kz тілшісі Украинада болған кейінгі маңызды оқиғаларға шолу жасады.
Харьков орталығында жарылыс болды
Харьковтың орталық аудандарында 4 қазанға қараған түні екі үлкен жарылыс болды. Оқиға орнында өрт басталған. Бұл ақпаратты облыстық кеңес басшысының кеңесшісі Наталья Попова растады.
Ресей әскери күштері Харьковтың Холодногорск және Новобурас аудандарына оқ жаудырған. Бұл туралы қала мэрі Игорь Терехов те айтқан. Өнеркәсіп және инфрақұрылым нысандарға соққы тиген. Билік өкілдері зардап шеккендер мен қандай нысандар бүлінгені туралы ақпаратты нақтылап жатыр.
Украина әскері бірнеше елді мекенді босатты - Зеленский
Украина әскері өткен тәулікте тағы бірнеше елді мекенді босатқан. Бұл туралы Владимир Зеленский бейнеүндеуінде айтты. Украина президентінің айтуынша, УҚК-нің қарсы шабуылы нәтижесінде Харьков облысында 450-ден аса қала, кент пен ауыл босатылған. Бірақ ол нақты елді мекендерді атамаған әрі қандай облыстар туралы айтып отырғанын түсіндірмеген.
АҚШ Украинаға жаңа HIMARS партиясын жібереді - БАҚ
Вашингтон Киевке 625 миллион доллар тұратын жаңа әскери көмек пакетін дайындаған, оған төрт HIMARS зымыран кешені кіреді. Бұл туралы Reuters хабарлады.
"Байден әкімшілігінің Украинаның қауіпсіздігіне көмектесетін келесі пакетіне HIMARS жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйесінің төрт ұшыру қондырғысы, оқ-дәрілер, миналар және минаға қарсы машиналар кіреді", - делінген басылым дереккөздерінде.
Запорожье атом электр станциясының директоры босатылды - АЭЖХА
Запорожье атом электр станциясының директоры Игорь Мурашов ресейлік басқыншылар ұрлап әкеткеннен кейін босатылды. Бұл туралы халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Рафаэль Гросси Twitter-де хабарлады.
"Украинаның Запорожье атом электр станциясының бас директоры Игорь Мурашовтың босатылуын құптаймын. Мурашов отбасына аман-есен оралғанын білдім", - деп жазды Гросси.
Айта кетейік, 1 қазанда Запорожье атом электр станциясының бас директоры Игорь Мурашовты Ресей патрулі ұстағаны белгілі болған еді.
Украина Беларусь шекарасында әскери жаттығулар өткізді
Украинаның Ішкі істер министрлігі Беларусь тарапынан төнуі мүмкін қауіптерге дайындық аясында Украинаның солтүстік аймақтарында Украина Қарулы Күштерінің, Ұлттық гвардия мен Украинаның Мемлекеттік шекара қызметінің бірлескен жаттығулары жалғасып жатқанын хабарлады.
ЕО Украинаға 5 миллиард еуро бөледі
Еуроодақ Украинаға макроқаржылық көмек ретінде 5 миллиард еуро береді. Бұл туралы Еурокомиссия басшысының бірінші орынбасары Валдис Домбровскис мәлімдеді. Ол өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Оның айтуынша, Киевке қаражаттың бір бөлігі қазанның ортасында жұмсалады, қалған ақшаны Киев жыл соңына дейін алады. Еурокомиссия ұсынатын көмек жалақы мен зейнетақы төлеуге арналған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!