Бүгіннен бастап "Веном. Соңғы би" фильмі көрерменге қазақ тілінде жол тартты. Massaget.kz тілшісі туындыны қазақшалаған жұлдыздармен сұхбаттасып қайтты.
"Веном. Соңғы би" - бұл хикаяның үшінші әрі соңғы бөлімі. Фильмнің бірінші бөлімінде журналист Эдди Брок өзге ғаламшарлық симбиот Веноммен біртұтас болып, адамсенгісіз қабілеттерге ие болады. Бұл кезден бастап Эддидің өмірі шытырманға айналады. Ал биыл Эдди мен симбиот Веномның алдында тағы бір мақсат тұр. Олар енді қазақ тілінде сөйлеуі керек.
Веном мен Том Харди қалай қазақша сөйлеп кетті?
Эдди Брокты сомдаған актер Том Хардиді қазақша сөйлейту үшін көп жұмыс жүргізілген. Sony Production-ға аударма мен дубляж актерлерін бекіткен соң, MovieDalen студиясында дыбыс жазылған.
Алайда кім қай кейіпкерді дыбыстағанын актерлер де, біз де айта алмаймыз. Оны фильмге келіп көре аласыз.
Фильм қазақша дыбысталғанымен, орысша субтитрлер қосылған. "Меломан/MARWIN" компаниясының басшысы Вадим Голенконың айтуынша, бұл қазақ тілін үйреніп жүргендерге қолайлы.
"Фильмге субтитр қосқанымыз мені қуантады. Бұл - қазақ тілін жетік білетіндер мен меңгергісі келіп жүргендерге көпір", - деді ол.
Дубляж режиссері - Шах-Мұрат Ордабаев, ал фильмді қазақшаға аударған - Нұрдәулет Затилла. Туындыдағы кейіпкерлер диалогы мен әзілдері қазақ аудиториясын күлкіге қарқ қылары сөзсіз.
Актриса, тележүргізуші - Анар Батырхан, кино және театр актрисасы, эстрада әншісі - Салтанат Бақаева, танымал Ninety One тобының солисі - Батырхан Мәліков, театр және кино актері - Асан Мәжит, танымал актриса - Нұрай Жеткерген және дубляж актері Бауыржан Қаңтарбаев пен дубляж актерлері Бота Қаратай, Ерасыл Мұхамадиев және Ерғали Дүйсен.
Салтанат Бақаева алғаш рет фильмді қазақша дыбыстап тұр. Өнер иесі бұл тәжірибесі туралы пікір білдірді.
"Менің кейіпкерім - өте қызық жан. Әрине, қызық сәт көп болды. Өйткені бұл - шытырман оқиға, эмоциялық күйзелістер мен көтеріңкі көңіл күй. Оның бәрін дауыспен жеткізу актер ретінде мен үшін қызық болды. Процесс те өте жеңіл өтті. Әлемдік деңгейдегі киноны қазақ тілінде дыбыстау - алғашқы тәжірибем. Мен бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдадым. Бұл фильмді қазаққа барынша жақын еткім келді", - дейді Салтанат Бақаева.
Ninety one тобының солисі Alem дыбыстау барысындағы қызықтарды бөлісті.
"Мен үшін дыбыстау қиын. Біріншіден, қобалжимын, екіншіден, өз дауысыңды есту қиын. Бұл бәріне мәлім зат қой. Үшіншіден, мен актер емеспін. Сол жерде режиссермен бәрін үйренуге тура келді. Оның үстіне, кейіпкердің айтып жатқан сөзі мен эмоциясын бірге беру жеңіл болған жоқ. Бұл алғашқы тәжірибем емес, бұған дейін бір рет дыбыстаған едім, алайда онда сөз көп болған жоқ. Ол жерде эмоция басым болса, бұл фильмде сөз көп болды. Мен үшін дыбыстау - өзімнің кішкентай бөлігімді бере алатын үлкен жұмыстардың бірі. Бұл жай ғана дыбыстау емес, қазақ дубляжі дамитын бір тарихи нүктеде тұр. Қазіргі жұмысымыз, халықтың қолдауы оның болашағына әсер етеді", - дейді ол.
Бұдан басқа ұйымдастырушылар тағы бір тосынсый әзірлеп қойған. Бұл - Ninety One тобындағы Zaq-тың жаңа әні.
Айта кетейік, "Веном" - америкалық антиқаһарман туралы фильм. Туындының алғашқы бөлімі 2018 жылы жарыққа шықты. Сол жылы бірден 856 миллион доллар жасап, табысты кинолар тізіміне ілікті. Оның жалғасы, "Веном 2", 2021 жылы әлем назарына ұсынылды. Сюжет бойынша журналист Эдди Броктың ішіне симбиот Веном еніп кетеді. Ұзақ уақыт бойы ол бұл өзгеріске көне алмай жүреді. Алайда кейін кейіпкер құбыжықты қабылдап, екеуі бірге зұлымдарға қарсы күреседі.
Sony Pictures компаниясы танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатарын толықтырды. Бұған дейін Disney мен Pixar студиялары қазақ тілін қолдау бастамасын көтерген еді. 2024 жылы Қазақстан кинотеатрларында Disney компаниясының үш бірдей туындысы: Disney және Pixar студияларының "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмі, Disney компаниясының "Моана 2" шытырман оқиғасы мен "Муфаса: Арыстан патша" көркем фильмі қазақ тілінде көрсетілетіні белгілі болған еді.
Ал былтыр Қазақстанда Голливуд фильмдерін дубляж жасаудың 12 жылдық тарихында алғаш рет қазақ тіліне аударылған "Аватар: Су жолы" фильмі касса бойынша абсолют рекорд орнатты.
"Аватар: Су жолы" 2022 жылы қазақ тіліне дыбысталған үшінші Disney фильмі болды. Бұл фильмді қазақ тілінде 42 мың көрермен тамашалады.
Еске салайық, қазақ тіліне дыбысталған Disney/Pixar-дың алғаш фильмі 2011 жылы "Көліктер-2/Тачки-2" болған.
"Меломан/MARWIN" компаниясының басшысы Вадим Голенко қазақ тіліндегі дубляждан зор үміт күтетінін айтты, себебі қазақ тілін үйренемін деушілерге де үлкен көмегін тигізеді.
Жарнама материалы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!