Ханзада Уильям Қазақстанның ақбөкенді сақтау жобасын марапатқа ұсынды

Қазақстандық "Алтын Дала" табиғатты қорғау бастамасы Уэльс ханзадасы Уильям бастаған беделді EarthShot сыйлығының іріктеу тізіміне енді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

24 қыркүйекте Уэльс ханзада 15 үміткердің тізімін ресми сайтында жариялады. Тізімде ақбөкендерді қорғау жөніндегі қазақстандық жоба да бар. 

Сыйлық сайтындағы профильде айтылғандай, "Алтын дала" бастамасы жойылу қаупі төніп тұрған ақбөкенді құтқаруда айтарлықтай жетістікке жетті. Бұл жоба – Қазақстанның "Алтын даласын" қалпына келтіру бойынша әлемдегі ең ірі табиғатты қорғау жұмыстарының бір бөлігі. Жұмыс барысында деградацияға ұшыраған дала экожүйелерін қалпына келтіру шаралары жүргізілді, олардың көпшілігі кеңестік кезеңде шамадан тыс мал жаю салдарынан бүлінген. Бұл жабайы жануарлар популяциясының күрт төмендеуіне әкелді.

"Алтын Дала" жобасы Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен және бірқатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, 2015 жылдан бастап жобаны Вера Воронова басқарады. Ақбөкендердің қозғалысын қадағалау жұмыстары аясында 250 телеметриялық құрылғылар орнатылды, бұл қорғалатын табиғи аумақтарды тиімді басқару үшін маңызды деректерді жинауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2003 жылы небәрі 20 000 ғана болған ақбөкен популяциясы бүгінде 2,86 миллионға дейін өсті. Бастама – 2030 жылға қарай олардың санын 4 миллионға жеткізіп, 8,5 миллион гектар далалық жерлерді қорғауға алуды көздейді.

Айта кетсек, EarthShot Prize – 2020 жылы ханзада Уильям мен Дэвид Аттенборо бастаған табиғатты қорғау саласындағы әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі. Сыйлық жыл сайын бес номинация бойынша беріледі, олардың әрқайсысы жаһандық экологиялық проблемалардың бірін шешуге бағытталған. Жеңімпаздар жобаларын одан әрі дамыту үшін 1 миллион фунт грант алады.

Тізімге енген қазақстандық жоба "Табиғатты қорғау және қалпына келтіру" аталымы бойынша Эквадор, Перу және Ұлыбритания жобаларымен бәсекелеседі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!