Әлеуметтік желіде алып қар көшкінінің түскен сәті түсірілген видео тарады. Кадрларды Солтүстік Еңілшек мұздығы маңында болған куәгерлер түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео Қырғызстанның әлеуметтік желі кеңістігінде кеңінен таралып жатыр.
Кадрдан Хан-Тәңірі шыңының баурайынан қалың қар мен мұз массасының зор гүрілмен төмен қарай құлағанын көруге болады. Соның салдарынан биіктігі бірнеше жүз метрге жететін қою қар бұлты көтерілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, альпинистер арасында зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, базалық лагерьлердің инфрақұрылымына зақым келгені туралы ақпарат түспеген.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Биіктігі 7010 метрге жететін Хан-Тәңірі - Орталық Тянь-Шаньдағы ең әйгілі әрі бағындыруы қиын жеті мыңдық шыңдардың бірі. Ол Қазақстан, Қырғызстан және Қытай шекаралары түйісетін аумақта орналасқан.
Солтүстік Еңілшек мұздығы Хан-Тәңіріне солтүстік беткейден шығатын альпинистік экспедициялардың негізгі аттану нүктесі әрі базалық лагері саналады.
Жаз мезгілінде, әсіресе шілде мен тамызда бұл аймақта альпинистер көп болады. Тау беткейінің тік болуы, жер бедерінің күрделілігі және ауа температурасының күрт өзгеруі салдарынан Хан-Тәңірінде қар жоталарының опырылып, көшкін жүруі жиі кездеседі. Бұл альпинистер үшін ең үлкен табиғи қауіптердің бірі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz