Хамзат Чимаев мансабында алғаш рет қарсыласынан жеңілді

Хамзат Чимаев мансабында алғаш рет қарсыласынан жеңілді
Фото: instagram.com/khamzat_chimaev

Орта салмақтағы UFC чемпионы Хамзат Чимаев Шон Стриклендтен жеңіліп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жекпе-жек бес раундқа созылды.

Чемпиондық белбеуінен айырылған Чимаев үшін бұл - 15 жеңістен кейінгі алғашқы жеңілісі. Ал Стрикленд өз мансабындағы 31-ші жеңісіне қол жеткізді, ол жалпы жеті рет жеңілген еді.

Чимаев пен Стрикленд арасындағы текетірес

Хамзат Чимаев пен Шон Стрикленд кезінде Лас-Вегастағы (Невада штаты, АҚШ) аңызға айналған Xtreme Couture залында бірге жаттыққан.

Бүгінде олар - бітіспес жау, ал UFC 328 турниріндегі айқас ММА тарихындағы ең шиеленісті кездесулердің біріне айналды.

Екі файтердің арасындағы кикілжің 2022 жылы жаттығуларда жиі кездесіп жүргенде басталған. Сол кезеңнен қалған бейнежазбалардың бірінде Стриклендтің Чимаевқа келіп: "Хамзат, мейірімдірек бол. Сен бәрінен мықтысың. Тек адамдарды мүгедек қылмашы", - дегені көрінеді.

Бұл сөз кейіннен олардың келіспеушілігінің тірегіне айналды: америкалық спортшы шешен файтерін үнемі әлсіз спарринг-серіктестерді таңдайды және тым қатал деп айыптады.

UFC 328 қарсаңында жанжал шегіне жетті. Стрикленд Чимаевқа өте ауыр сөздер айтып, тіпті қарумен де қорқытты. Осыған байланысты UFC қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жекпе-жек алдындағы дәстүрлі көз арбасу (стердаун) рәсімін өткізбеуге мәжбүр болды.

Чимаев сабырлық танытып: "Егер мен нағыз соғыс қаласам, Стрикленд әлдеқашан өліп кетер еді", - деп жауап берді.

Еске салайық, Хамзат Чимаев пен Шон Стрикленд арасындағы жекпе-жек Ньюарк қаласындағы (Нью-Джерси штаты, АҚШ) "Prudential Center" аренасында UFC 328 турнирі аясында өтті. Бұл кештің басты оқиғасы болып, орта салмақтағы UFC чемпионы белбеуін Стрикленд иеленді.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

UFC (@ufc) жарияланымы

Чимаевтың белбеуге дейінгі жолы

Чимаев орта салмақтағы белбеуді 2025 жылғы тамызда оңтүстікафрикалық Дрикус Дю Плессиді жеңгеннен кейін иеленген болатын.

Ол кездесу бес раундқа созылып, БАӘ атынан шыққан файтердің басымдығымен өтті. Әр раундтың басында Чимаев Дю Плессиді партерге сәтті түсіріп, басымдығын көрсетті.

Алайда соңғы раундта оңтүстікафрикалық файтер Хамзатты буындырып тастай жаздады. Соған қарамастан, төрешілер бірауыздан жеңісті Чимаевқа беріп, 50:44 есебін тіркеді.

Стриклендтің жекпе-жектері

Ал Шон Стриклендке келетін болсақ, ол кейінгі рет октагонға биыл ақпанда Хьюстондағы (Техас штаты, АҚШ) "Toyota Center" аренасында өткен UFC Fight Night 267 турнирінде шықты. Оның қарсыласы мексикалық файтер Энтони Эрнандес болды.

Стрикленд жекпе-жек бойы үстемдік етіп, қарсыласын тік тұрып соққы астына алды.

Нәтижесінде Шон Стрикленд техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget