ХАМАС палестиналықтардың ұлттық құқығы толық қалпына келмейінше, қаруын тастамайтынын мәлімдеді. Германия СІМ басшысы бұған дейін ХАМАС-ты Газа секторында бейбітшілік үшін қару тастауға шақырған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
ХАМАС Газа секторындағы соғысты тоқтату мақсатында қарусыздану туралы үндеулерді қабылдамады, әрі қаруын палестиналық тәуелсіз мемлекет құрылғанға дейін тастамайтынын айтты.
"Қарулы қақтығыстар тек ұлттық құқығымыз толық қалпына келгенде, ең алдымен, астанасы Иерусалим болатын, тәуелсіз әрі егеменді палестиналық мемлекет құрылғанда ғана тоқтай алады", – делінген ХАМАС таратқан мәлімдемеде.
Бұған дейін Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Газа секторындағы соғыс ХАМАС лаңкестері қаруын тастап, тұтқындарды босатып, жағалаудағы аймақтағы биліктен бас тартқан жағдайда ғана аяқталатынын мәлімдеген.
Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтын елдердің саны артып келеді. Қыркүйекте мұндай шешімді Франция қабылдауы мүмкін. Ұлыбритания да Израиль Газадағы жағдайды тоқтатпаса, Палестинаны мемлекет ретінде мойындауға дайын екенін мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!