Ертеде монша тек суға түсуге арналмаған. Бұдан басқа, мұндай сәулет өнері саясаткерлер, көпестер мен әскери адамдардың жиналатын орындарына айналған. Тіпті моншада түрлі мәдени іс-шара мен үстел ойындарынан жарыстар өткен. Ал Ислам дінін ұстанған қазақтар тазалыққа ерекше көңіл бөлгені белгілі. Моншада әйелдер мен ер адамдар бөлмесі екі бөлек етіп, арнайы демалыс орнымен қоса салынған. Massaget.kz тілшісі Қазақстан жерінде табылған моншаларға ертеде қандай болғанын анықтады.
Шығыс моншасы
Археологтардың зерттеуі бойынша, бұл монша XVI ғасырда Абдолла хан тұсында кесенеге зиярат етіп келуші көпшілік қауымға арналып салынған.
Тіпті XI ғасырда әдеби мұраларда моншаға түсу ережелері де бекітілген.
"Балам саған айтамын: моншаға қарныңды толтырып барма - ол залал; күнде бара берме - ол зиян… Моншаға екі күнде бір рет барған жөн. Қыста да, жазда да денеңді үйрету үшін алдыңғы бөлмеде біраз бол, келесі бөлмеде де аялда, сонан кейін ғана ыстық, бөлмеде масаттануыңа болады. Бірақ онда да көп отырып қалма. Моншаның ыстығы денеге толық әсер еткен соң, оңаша бөлмеге барып жуын. Моншада денеңе ыстық-суық суды құя берме, оның да шарқын біл. Оңаша бөлме бос болса бақыттымын деп біл. Өйткені ғұламалар бос моншаны "олжаның олжасы" деп есептеген. Шығарда шашыңды құрғат, сулы шашпен тысқа шығу парасатты және құрметті адамдарға лайықсыз. Сулы шашпен тысқа шығып, қадірлі қауымға көріну - әдепсіздік. Моншада сыра-су ішуден аулақ бол. Бұл өте зиян және денеңнің ісінуі мүмкін…" - деген өсиет сөздер жазылған.
Моншаның бөлмелер саны уақыт өткен сайын өзгеріп отырған. Қазір моншада тоғыз бөлме бар: жуыну бөлмесі, ыстық, салқын су бөлмелері, массаж бөлмесі. 1979 жылы орта ғасырлық сәулет өнерінің керемет үлгісін болашаққа сақтау мақсатында мұражайға айналдырылды.
"Мүричә" бір бөлмелі моншасы
Бұдан екі жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан маңызды тарихи нысандар табылды. Соның бірі - Керуен сарайының Тәкия қақпасы маңында бір бөлмелі монша болған. Бұл монша алыс жолдан келген керуендерге арналған. "Мүричә" - қазіргі душтарға ұқсас моншаның шағын түрі.
"Ескі Түркістан қаласының көне шахристаны XIX ғасырдың 1843-49 жылдары Қоқан иелігі кезінде "Тәкия Керуен сарайы" болған. Сонымен бірге, кішігірім, бір бөлмелі мүричә деген моншасы болған. Бұл жерде негізгі есігі арқылы қабылдау бөлмесіне кіретін болған. Қабырғаларында арнайы қуысы көп, мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған",- дейді тарих ғылымдарының кандидаты, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.
Көпбөлмелі монша
Түркістанда "мүричә" моншасынан басқа бірнеше бөлмеден тұратын моншаны табылды. Мамандардың зерттеуі бойынша, көне шахристаннан табылған кішігірім монша маңынан су резервуары сияқты сардоба да сақталған. Онда қызметкерлері үшін арнайы бөлме, емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.
"Бертін келе шығыс моншасы бір құрылыммен салынып, бірнеше бөлмелерге бөлінетін болды. Олар: жуыну бөлмесі - миян сарайы, белдемше тарататын - лунгихана, киім шешетін - чомахана, ыстық суға арналған - гармхана, суық су алатын - хунукхана, сабынданатын - саршуй, демалатын - чайхос, құдық орналасқан - чоххана, от жағатын - гулхан және отын сақтайтын қосалқы бөлмелері болған. Мұндай толыққанды құрылыс "хаммами мухтасар" деп аталған. Бір ерекшелігі, мұндай моншалар ыстықты ұзақ сақтау және түтіннің тартылуын күшейту мақсатында жартылай жерге көміліп, тек күмбездері ғана көрініп тұратындай етіп салынған. Олардың кейбірі екі бөлімнен, ерлер және әйелдер бөлімдерінен тұрды. Ал кейбірі бір күн ерлер, бір күн әйелдер түсетін етіп салынған",- дейді "Әзірет-Сұлтан" мұражайының қызметкері Данияр Садуақасов.
Қали Жүніс моншасы
Қали Жүніс моншасы - ХІХ ғасырда Тараздың орталық бөлігінде орналасқан құрылыс сәулеті. Монша 11 орын-жайдан тұрады. Бұдан басқа, римдік терм мен түрік хамамдарына ұқсайды.
Ашық дереккөз мәліметінше, Тараздың бай тұрғыны көпес Жүніс (лақапаты "Қали") Бұқара жібегін сату арқылы дәулетке кенелген. Оның, тіпті, жеке керуен-сарайы болған. Ол Ферғана мен Бұқарадан арнайы сәулетшілер шақырып, моншаны салдырған. Моншада асүй, демалатын бөлме, тіпті, массаж бөлмесі және бұрыштарда қуысы бар жуынатын зал, қыздыруға арналған орын-жай бар.
1982 жылы Қали Жүніс моншасы республикалық маңызы бар ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.
Ханқорған моншасы
Археологтар Отырардың рабадында XI-XII ғасырларда екі моншаға ұқсас жәдігер тапты. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалалық моншаға ұқсайды. Мұны керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесі, сужинағыш, жуынуға арналған ыдыс, демалуға арналған бөлме дәлелдейді.
Бұдан басқа, қазба жұмыстарының орнында түрлі сабын ерітінділерін, эфир майлары және жұпар иістер сақталатын көп қыш ыдыс табылған. Археологтардың айтуынша, бұл монша X-XI ғасырларда салынған. Зерттеушілер монша кемінде 100-150 жыл жұмыс істеген дейді.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев мұндай сәулет өнерлері ірі қалаларда болғанын айтады.
"Бұл өлкеде Испиджабпен қатар тағы бір ірі қала - Маданкет болған. Монша үлкен болған сияқты", - дейді Бауыржан Байтанаев.
Шығыс хамамы
"Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас сақтаушысы Анна Крокошева "Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер" кітабында XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Әулие-Атаны салу кезінде шеберлер осындай құрылыс орындарын салғаны туралы деректер келтіріледі. Оларға арабтың "хамма" - жану, қыздыру сөзінен шыққан "хаммам" (хамам) деп аталатын моншалары еді.
Әдетте, монша базарлар мен мешіттердің маңында орналасқан. Негізінен моншалар тек суға түсуге емес, сонымен қатар, демалыс үшін, мәдени немесе іскерлік жиын өткізуге пайдаланылған. Бұдан басқа, моншаларда үстел ойындарынан жарыстар, түрлі мереке өткен.
Моншаға түрлі мәселені шешу үшін саясаткерлер, көпестер, әскерилер және басқа таптардың өкілдері жиналған. Осыған байланысты олар ежелгі грек және рим моншаларына, сондай-ақ, түрік моншаларына ұқсас болды.
Жамбыл облысында Барат хан, Кәрімбай, Расұлхан және Қали Жүніс моншалары салынғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, Қали Жүніс моншасы ғана біздің дәуірімізге жетті.
Тараздағы моншалар
Археологтар Тараз аумағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ортағасырлық Қарахан әулеті тұсында жұмыс істеген екі монша тапты.
"Біріншісін 1938 жылы ғалым Александр Бернштам тапты. Өкінішке қарай, 1940 жылы моншаны қайта көміп тастады", - дейді Анна Крокошева.
Екінші моншаны 1974 жылы археолог Күзембай Байбосынов Көк базардағы бұрынғы ет ғимаратының аумағынан тапқан. Екеуі де Қали Жүніс моншасына ұқсаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!