"Халықтың еркесі деген сайын". Сахнада фонограммамен ұсталған әншілер

Әлеуметтік желіде сахнада шалыс басқан әншілердің әрекеттері жиі сынға қалып, талқыға түседі. Massaget.kz тілшісі осындай жағдайларға шолу жасады.

Бұған дейін әншілер фонограммамен айтатынын концерт алдында ескертуге міндеттелуі мүмкін екені айтылған болатын. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаттары қозғаған еді. 

"Заңнама Қазақстан аумағында қолданылады. Ереже қабылдаған жағдайда кез келген шетелдік, қазақстандық әртіс заң шеңберінде жұмыс істейді. Бұл норма әлі қабылданған жоқ, бірақ депутаттар оны қолдады. Басқа мемлекеттік органдар тарапынан наразылық болған жоқ", - деп түсіндірген еді былтыр Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры.

Оның сөзінше, фонограммаға тыйым салу туралы да сөз болған, бірақ бұған әлі дайын емеспіз. Бұл уақыт өте келе енгізілуі мүмкін.

"Ұят болған екен"

YouTube желісінде Қайрат Нұртастың видеосы жарияланған. Пікір білдірушілердің бір бөлігі әншінің ән айта алмайтынын сынға алса, енді бір бөлігі видео жай ғана монтаж екенін жеткізген:

Жанды дауыста айту оңай емес, əрине. Өнері өрге жүзе берсін.

Ұят болған екен, бүкіл халықты жинап алып.

Тамағы ауырып тұрған шығар.

Мынау жалған! Видеомонтаж! Сенбеңіздер!

 

Кейінірек концерт ұйымдастыру ісімен айналысатын жеке компанияның дыбыс режиссері Мұрат Имахан Қайрат Нұртас Шымкентте өнер көрсеткен кезде қандай олқылық болғанын айтып берген.

Оның пікірінше, мұнда басты қате жабық залдарда, концерт залдарында қолданылатын микрофонның таңдалуында болған. Сондай-ақ, ол бұл жағдайда пультте отырғандар, яғни дыбыс режиссерлері қателескенін жеткізген.

"Негізі, концерт кезінде дыбыс режиссері кейін өңдеуде жоғалтып алмауы үшін барлық микрофонды қосып отырады, солайша сақтанады. Міне, осы кезде видеоға жақын микрофондағы дыбыс бірінші жетіп, әншінің ілеспе, яғни сүйемелдеген дауысы ғана естіліп қалған. Әйтпесе, Қайрат Нұртастың жанды дауыста жақсы ән айтатынын білемін", - деп пікір білдірген болатын маман

"Микрофон ұстап тұрғанын ұмытып қалған ғой"

Әлеуметтік желілерде Тоқтар мен Бейбіт ән айтқан видео тарады. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, олар Абай облысы, Ақсуат ауданындағы кеште фонограммамен ән айтқан. 

Желідегілер бұл жағдай ұят болғанын жеткізген:

"Екеуін сүйіп тыңдайтын едім, ұят болыпты", "Ешқайсы жанды дауыспен айтпайды ғой, айта да алмайды ғой, бәрі шегіртке деп бекер айтпаған ғой", "Ұят болды", "Халықты алдамаған кім қалды?", "Микрофон ұстап тұрғанын ұмытып қалған ғой", "Бәрі де фонограммамен айтады", - деп жазды пікір білдірушілер.

@balzat99

♬ оригинальный звук - balzat99

Сөзін де ұмытатындар бар

Серік Ибрагимов концерттердің бірінде әннің сөзін ұмытып қалған. Оқиға видеосы "НТК" телеарнасының REVUE бағдарламасында да көрсетілген.

"Басынан айтайыншы. Жанды дауыстағы концерт қой. "Жанды екенін білсін" деп әдейі істеп жатырмын. Жаныңды жеп, жанды дауыста айтсаң да, кейбіреулер "өтірік, ауызын жыбырлатып кетті" дейді. Жаңа ән болған соң сөзінің бас жағы сәл есіме түспей тұр", - дейді ол видеода.

Желі қолданушылары Төреғали Төреәлінің Star of Asia 2019 концертінде көрсеткен өнерін де сынап тастаған еді.

Ал әншінің айтуынша, өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін.

"Бір кезде көңіл күйің болмай тұрады, бір кезде шынымен даусың шықпай қалады. Оған енді халық түсіністікпен қарайды ғой. Ондай сәттер болған кезде кімге ақталып отырасың? "Жоқ, негізі мен айта аламын" деген сияқты", - дейді әнші "Ревю" бағдарламасында.  

Ал әнші Ерке Есмахан Төреғали Төреәлімен бірге "Алло" атты әнін орындап жатқан кезде фонограмма екенін ашық көрсетіп қойған. Видеода Ерке Есмаханның тыңдармандарына ықыласын білдіремін деп әннің жалғасып жатқанын ұмытып қалғанын аңғаруға болады. 

Видео Желіде 2017 жылы жарияланған. Ол 405 мыңнан қаралым жинаған. Пікір білдірушілердің сөзінше, бұл концерт Байқоңырдағы Төретам кентінде болған.

"Ерке Есмахан концертте өлеңінің қай жерде айтылатынын білмей қалды", - делінген видеоның сипаттамасында.

Желідегілер әншінің әрекетін сынға алған:

Халықтың еркесі, еркесі деген сайын еркелеп кетті ғой.

Фонограммамен айтатын болса, барлығымыз әнші болайық та одан да, бүкіл халық бәріміз фонограммамен айтып жүре берейік.

Қайсы бірі жанды дауыс дейсің...

Қазір эстрадамызда жүрген əншінің бәрі фонограммамен айтады. Жалғыз Ерке мен Төреғали ғана емес. 

Ұят-ай.

Ұсталғанда да қатты ұсталыпты.

Ұят, масқара.