"Халықтың бәрі өтірікші емес!" Қабағы жарылған Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan-мен әлі дауласып жатыр

"Халықтың бәрі өтірікші емес!" Қабағы жарылған Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan-мен әлі дауласып жатыр
Фото: instagram.com/sultankyzy/

FlyArystan рейсімен ұшқанда қабағы жарылып, қажетті медициналық көмек ала алмаған танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы компаниямен әлі дауласып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы сот сараптамасына (судмедэкспертиза) өтініш берген. Нәтижесі 20 күннің ішінде журналистің арызын алған тергеушіге беріледі. Ал Ләйлә Сұлтанқызы әуе компаниясымен күресті әлеуметтік желіде жалғастырып жатыр. Журналист FlyArystan рейсімен ұшқан басқа да тұтынушылардың арыз-шағымын жинаған. 

"Наразы халықтың бәрі өтірікші емес! Скриндегі пікірлерді мұқият оқыңыздар! FlyArystan-нан маған жауап келді. Рақмет жауаптарыңызға! Сонымен, кеше 25 минут Шымкенттен кешігіп ұшқан ұшақ, шамамен 21:42-де Астанаға қонды. Қасымда отбасылы жұп отырды. Ұшақ тоқтаған соң, жолаушылардың көбі тұрып, сөрелерді аша бастады. Маған көрші отырған азамат та орнынан тұрып, сөрені ашқанда, төбеден қатты зат құлады. Құдай сақтап, көзім шыққан жоқ. Суық су сұрадық, әкелген су қатты суық емес деп, борттан тапқан дәрігер де айтты. Артынан суық судың орнына кола әкелді. "Коланың ақшасын төлеу керек" деп, сөрені ашқан жігіттің әйелі айтқанын естідім. Мұз сұрадық. Жоқ деді", - деп мән-жайды толық баяндап берді. 

Сонымен қатар, Ләйлә Сұлтанқызы "әр ұшақ борты халықаралық стандарттарға сәйкес алғашқы көмекке қажетті медициналық қобдишасымен қамтамасыз етілген" деп жазған компанияны айыптап, сөзі мен ісі сәйкес келмейтіндігін алға тартты. 

"Аптечка болса, сұрағанда мақта не бинт неге берілмеді? Бетімдегі қанды қасымда отырған әйелдің берген салфеткасымен сүрттім. Дұрыс коммуникация біліктілікті білдіреді. Сіздерден жағдайды сұрағандарға "дәрігерді күтпеді" дедіңіздер. Сонда борттан адамдардың шыққанын, шақырған дәрігерлердің жеткенін күтіп, ауырып, қанап тұрған жарамен отыруым керек пе? Өз аяғыммен жеткен тезірек деп, басқа адамдарды күтіп тұрған СИП қызметіне қосымша ақша төлеп, әуежайдың медпунктіне бардым. Менің қабағымды мамандар жуып, қарап жатқанда, шамамен жарты сағат ішінде бортқа жіберілген дәрігерлер медпункке қайтып келді. Енді қанша уақыт үнемдегенімді санай беріңіз", - деп ашуланды журналист. 

Байқауымызша, Ләйлә Сұлтанқызын орын алған оқиғадан бұрын компания қызметкерлерінің салғырттығы мен жіберген олқылығы үшін кешірім сұрамағаны ашуландырған. 

"Неге мұны айтып отырмын? Егер де қателіктеріңізді мойындап, жіберген олқылықтар қайталанбайтынын айтып, кешірім сұрасаңыздар, мұны жазбас та едім. Болған жайтты қалай бар, солай жаздым. Енді судмедэкспертизаны алайын, қалғанын сосын заң аясында шешерміз! Әйтпесе, мына түрлеріңізбен сіздерге наразылық білдіргендердің бәрін өтірікші қыларсыздар!" - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ләйлә Сұлтанқызы барлық жолаушының атынан төленген билетке лайық қызмет көрсетілуін талап етті. Сонымен қатар журналист желідегі оқырмандарын үнсіз қалмауға, өз құқығын қорғауға шақырды.

"Оқырмандарым, алдағы уақытта осындай жағдайда әрқашан телефондарыңыздың камерасы, диктофон қосулы жүрсін. Кейде дәлел керек болып қалады. Ертең әуекомпанияның бортында барлық жағдай жасалып, аптечкалар табылса таңқалмай қуанайық, осы жағдай әсер етті деп қабылдайық. Болмай жатса, орынды ашық сынайық, ал FlyArystan өз парақшаларыңызда ұнамаған пікірлерді өшіріп отыру проблеманы шешпейтінін бізден жақсы білесіздер ғой", - деп жазды ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ләйлә Сұлтанқызы (@sultankyzy)

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева