"Халықтың арқасында материалдық игілікті иеленіп отыр". Блогерлердің табысына салық салуға бола ма?

3 мамырда Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жалған ақпарат тарататын, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алмайтын блогерлерді жазалауды ұсынған болатын. Одан бөлек, әлеуметтік желіде блогерлер жасаған жарнамаға алданып қалған қазақстандықтар да бар. Ал жақында ресейлік блогер, марафон ұйымдастырушы Елена Блиновская 918 миллион рубль салық төлемегені үшін үйқамаққа алынған болатын. Ал қазақстандық курс, марафон, лотерея ұйымдастырушы блогерлердің әрекеті заң тұрғысынан тексеріле ме? Бұл жайлы заңгер Бердімұрат Хасенұлы Massaget.kz тілшісіне түсіндіріп берді. 

Ең алдымен заңгер курс өткізу қаншалық дұрыс немесе бұрыс екеніне нақты жауап беру мүмкін емес екенін айтады.

"Себебі ол әркімнің таңдауы. Ал салыққа қатысты: курсты сататын блогер жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бе не ЖШС ретінде тіркелген бе? Осыған байланысты. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, жеке табыс салығы салынуы керек. Ол табыстың 10 пайызы. Немесе корпоративтік табыс салығын салу, әлеуметтік аударымдар салынуы, әлеуметтік төлем керек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер ретінде табыстан міндетті зейнетақы қорына төлемдер аудару керек. Осының бәрін жасаған кезде табыс "таза" болады", - дейді заңгер.

Фото: Pexels.com

Заңгердің сөзінше, егер ЖШС ретінде тіркеліп, табысты есептен шығарып алатын болса, дивидент ретінде бөліп алғаны үшін тағы 10 пайыз мемлекетке салық төленуі тиіс.

"Осы мәселелер қазіргі таңда қаншалық қадағаланып жатыр десек, өкінішке қарай, өте төмен деңгейде. Көптеген блогер жай Kaspi Gold-қа, жеке картаға аударып жасатады. Аударымға түскен ақшаны жеке ақшасы секілді күнделікті қолданып жүре береді. Ол бәріне қатысты емес. Бірақ солай істеп жүрген блогерлер бар. Немесе бірнеше жеке кәсіп, бірнеше ЖШС ашып, солардың айналымымен жұмыс істейді. Оның айналымы 200-300 миллион теңге болуы мүмкін. Алайда блогер оны кіші кәсіпкерлік субьекті ретінде тіркеп, миллиондаған айналым жасап, сол арқылы жеңілдетілген салық жүйесімен заңды айналып өтуі мүмкін", - дейді маман. 


Фото: Pexels.com

Бердімұрат Хасенұлының айтуынша, бүгінде Қазақстанда блогерлердің құқықтық жағдайына байланысты қадағалайтын орган, арнайы бөлім жоқ. Бұл қарапайым кәсіптің түрі ретінде қабылданған.

"Мысалы Азаматтық кодекс бойынша заңгерлер, нотариустер жеке айрықша құқық беретін қызмет түрлері ретінде қарастырылып, салық жағы жеке реттелген. Жалпақ тілмен айтқанда "инфосығандар" көбейіп кетті. Блогерлердің құқықтық жағдайы әлі реттелген жоқ. Жасыратыны жоқ, көптеген блогер халықтың арқасында материалдық игілікке иеленіп отыр. Олардың қарапайым жарнама жасауы, сол жарнамадан кейін халықтың алданып қалуы, жалған курс жасап, алдап, ақша жинау бар. Алдап, алаяқтық жасады деп те нақты айта алмаймыз.

Осы жағдайда Ресейден көшіретін шығармыз. Жасыратыны жоқ, Қазақстан Ресей заңнамасын көшіруге құмармыз. Ресейде арнайы агенттік - блогерлермен жұмыс агенттігі ашылды. Ол агенттік блогерлердің табысын зерттеумен, тапқан табысының жүйелігін, ол қайдан келіп жатқанын тексерумен айналысады. Меніңше, Қазақстанда осындай агенттік құратын жағдайға жеттік. Себебі бізде әлеуметтік желі өте жақсы дамыған мемлекеттердің қатарындамыз. Әлеуметтік желілердің монетизациясына салық салу мәселесі әлі күнге дейін бір жүйеге келтірілмеген", - дейді заңгер.

Маман курс, марафон өткізіп, оқырманын көбейтіп, "ақша таратамын" деушілерге ешқандай тексеріс жүріп жатқан жоқ.

"Негізі лотерея ойнату заңмен реттеледі. Бірақ қазір лотереялар қаншалық заңды өтіп жатқаны әлі күнге дейін белгісіз. Айта кететін бір дүние, заңнама бойы билет сату арқылы ұйымдастырылған ойын ғана лотерея болып саналады. Ал блогерлер билет сатпайды, заңды айналып қашып, "маған жазылуың керек, кітабымды сатып алуың керек немесе басқа затын сатып алу керек" дейді. Осылай халықтан ақша жинап алады. Осындай дүниелерді ескерсек, тексеру жүріп жатыр деп айта алмаймын. Тіпті блогерлер ұйымдастырған ойындағы сыйлықтар берілмей қалған шулы жағдайлар болды. Бұл жағдайда да блогерлер емес, ұйымдастырушылар кінәлі болып шықты. Бірақ оған қарамастан халық сенгіш, алданып қалады. Әрине, кейбір блогерлер шын өткізетін шығар. Бірақ көбіне өз адамдары ұтып жатады. Ал оны дәлелдеу қиын", - деп түсіндірді Бердімұрат Хасенұлы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!