“Халықтың ақысын жеп айтады“. Депутаттар фонограммамен ән айтатындарға шүйлікті

“Халықтың ақысын жеп айтады“. Депутаттар фонограммамен ән айтатындарға шүйлікті
Фото: Видео кадры

Мәжіліс депутаттары фонограмманы заңмен шектеуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.

Қазыбек Исаның мәлімдемесі

Депутат Қазыбек Иса Түркіменстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Қытай секілді елдерде фонограмма 20 жыл бұрын тоқтатылғанын, ал Түркіменстанда сахна түгілі, тойда да фонограммамен өлең айтуға болмайтынын мәлімдеді.

"Бізде сахна түгілі, экранда да халық әртістері ішінде емге іліп алатын бір ұйқасы жоқ әндерді айтып тұра береді. Осыларды заңмен реттеу керек. Фонограмма мәселесіне осы заңмен нүкте қоюымыз керек. Бұл мәселе көптен бері жыр боп келе жатыр. Өткенде жұмыс тобына бір топ әнші келді. Барлығы да "фонограмманы тоқтатуға болмайды" дейді. Жалғыз қазақтың дарынды әншісі Ерлан Рысқали ғана "фонограмманы тоқтату керек, құрту керек" деп айтты. Бұл мәселеде олардың желеуі не?! "Дыбыстық, техникалық, сахналық жабдықтар жетіспейді" дейді. Дәл осындай желеуді олар 20 жыл бұрын да айтқан. 20 жыл бұрын да фонограмма осы Парламентте қозғалған. Сонда биліктің солқылдақтық, былқылдақтығының арқасында қолға алынбай қалды. Тағы да алдымызға келді. 20 жылдан кейін де "дайын емеспіз" деп отырады. Қай кезде дайын болады?! Жүзуді үйрену үшін суға түсу керек. Олар суға түспей, шапқылап жүре бергісі келеді. Біз осы заңды қабылдасақ, мәжбүр болады да, дайын еместі дайын қылады", - деді ол.

Депутат мұны халықты алдау деп бағалады.

"...Бізде билеті 20 мыңнан 3000 адамды залға жинап алады да, фонограммаға ілесіп тұрады. Бұл - халықты алдау. Мұны тоқтату керек. ...Бұлар жанын жеп айтпайды, халықтың ақысын жеп айтады. Сондықтан фонограмманы тоқтатуды осы заңда шешу керек", - деді депутат.

Еділ Жаңбыршиннің мәлімдемесі

Депутат Еділ Жаңбыршин де әріптестерінің идеясын қолдады.

"Министрлік, әртістердің сойылын соғып жүрсіздер. Фонограмманы тоқтату керек. Айтысты, жырды жанды дауыспен айтамыз, өлең айтуға келгенде техникалық көмек керек екен. Жұмыс тобындағы әріптестерімді түсінбеймін. Министрліктің айтқан уәжіне қарай неге кейін шегіне береміз?! Біресе техникалық мүмкіндік жоқ, тағы бірдеңе жоқ. Олардың проблемасы. Алсын, олардың бәрі, өлең айтып жүргендердің бәрі деген бай. Әрқайсын тойға шақырсаң, бәленбай мың доллар ақша төлейсің. Бір аппарат алып қою түк те проблема емес оларға. Әрқайсы бір жерге баратын болса мынадай тізім жасайды, билетін алып беруің керек, бизнес санатта ұшуы керек. Енді келіп фонограммамен өлең айтамыз дейді", - деді ол.

Жаңбыршиннің сөзінше, қазір жанды дауыс болмағаннан кейін екінің бірі әнші болып жүр.

"...Ескі Қазақстанның әдістерінің бәрін қысқарту керек. Әділ Қазақстан, Жаңа Қазақстан орнатамыз деп келдік пе, орнатайық. Дауыс берейік те, қабылдайық, басты қатырмасын! ...Шегіншектейтін уақыт кетті, Қаңтардан бері үш жыл өтті ғой, бәрін құрту керек, олай болмайды. Мені жұмыс тобына шақырыңдар, сол жерде сөйлеймін", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget