Алматыда сегіз Халыққа Қызмет Көрсету Орталығы бар. Алайда сенбі күні екеуі ғана түс мезгіліне дейін жұмыс жасайды. Бұл екі милионнан аса халық тұратын мегаполис үшін қаншалықты қолайлы? Massaget.kz тілшісі ХҚКО-ның сенбі күнгі жұмысын бақылап көрді.
Бес күн бойы жұмыстан қолы босамайтын бұқара шаруасының басым бөлігін демалыс күндері тындыруға тырысады. Алайда мәселесі ХҚКО-мен байланысты болса тіптен қиын. Себебі өз үйіне жақын маңдағы орталықтар жұмыс жасамағандықтан халықтың басым бөлігі Әуезов және Алмалы аудандарына ағылады екен.
"Үйіме жақын маңдағы ХҚКО жабық тұр. Қызметкерлер осы жаққа нұсқады. Басқа күндері жұмыста болғандықтан бара алмаймыз. Сағат түскі бірге дейін жұмыс жасағандықтан бұл жақта кезек көп. Сондықтан сенбі күндері толық жұмыс жасаса жақсы болар еді", - дейді келушілердің бірі.
Бұл пікірді бірнеше тұрғын қоладй кетті. Халықтың басым бөлігі орталықтардың қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі кейде бір қағазды алу үшін апталап күтіп қалатын сәттер жиі кездеседі деп отыр. Ахмет Омаров та тұрғылықты мекен-жайын ауыстыру үшін үш-төрт күн уақытын сарп еткен.
"Пропискамды ауыстыру үшін келгенмін. Бір планшет қана істейді деді. Оның өзі істен шығып, құжаттарды қабылдамайды деп қайтарып жіберді. Істегеннен кейін өзіміз хабарласамыз деп телефон нөмірімді алып қалды. Мұндай жағдай бәрінің басынан өткен шығар. Туыстарымнан да көп естимін. Қазір кейбір қызмет ақылары да өсіп барады. Бұл тіпті қиын тиіп жатыр. ХҚКО халықты қанайтын, қинайтын орталыққа айналып барады" дейді ол.
Айдың күнінің аманында қызметі ақсап тұратын ХҚКО-ның құзырына 1-шілдеден бастап АХАЖ бөлімінің кейбір міндеттері берілмек. Сондай-ақ, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігінің жобалық бұйрығында АХАЖ бөліміне қатысты қызметтерді алудың жаңа бағасы көрсетілген. Мысалы есімімді ауыстырып, оны заңды түрде рәсімдеймін дегендер бұл қызметке 8500 теңге төлейді. Неке қию-9500 жоғары. Бұрын бұл қызметке мемлекеттік БАЖ 1 АЕК яғни, 3 450 теңге болатын. Ал азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу бойынша жұмыстар, яғни туу, қайтыс болу туралы куәліктерге өзгерістер енгізу және бұдан өзге қызметтерге енді 8-9 мың теңгенің айналасында төлеуге тура келеді. Бұрын бұл қызметтер тегін болып келген еді.
Қымбатшылық қос бүйірінен қысқан ағайынға бұл да бір ауыр жүк болды. Оның үстіне бұл құжаттардың бастапқы бағасы. Себебі керек қағазыңызды қысқа уақыттың ішінде алу үшін қосымша ақы төлейсіз. Мәселен халықаралық төлқұжат 27600 теңге тұрады. Ол 13 жұмыс күнінде дайын болады екен. Ал егер үш күн ішінде дайын болсын десеңіз 2752 теңге, сол күні қолыңызға алу үшін қосымша 4983 теңге тағы төлеу керек.
Мемлекеттік қызметтерге бағаны көтеру бірінші кезекте халықтың аз қамтылған топтарына айтарлықтай ауыртпашылық әкеледі. Өйткені қаржысы қат қоғамда бұқара бұл қызметтерді орындауға асықпайды. Ал есепке алу, есептен шығару жұмыстары тұрақты болмаса былықтың көбейетіні де жасырын емес. Бір қарағанда: Ақшасын төлесең тез дайындап береміз, - деген жүйенің өзі халықты тонауға иекемдеп тұрғандай. Онсыз да ақысын төлеп жатқан қызметке қосымша ақша талап ету ақылға томпақ дүние.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!