5 қарашада елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Халық 42 аудан мен 3 қаланың әкімін өздері сайлады. Massaget.kz тілшісі әкімдерді тікелей сайлауды енгізу туралы сарапшылардың ойын білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылуында әкімдерді тікелей сайлауға қатысты айтқан болатын.
"Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз", - деген еді Президент.
Аймақтарда барлығы 1491 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оларда 1 миллионнан астам сайлаушы тіркелді. Тұрғындардың 63 пайызға жуығы өз таңдауын жасады. Жалпы сайлауда 125 үміткер болды. Кандидаттардың көбі өзін-өзі ұсынғандар.
Жаңадан әкім болғандардың арасында экономистер мен заңгерлерден бастап, оқытушылар мен ауыл шаруашылығы мамандарына дейін болған. Ауыл әкімдерін сайлағанда жоғары білімнің болуы міндеттелмесе, бұл жолы болашақ аудан басшыларына кемінде бакалавр біліктілігінің болуы шарт еді.
Сайлауға қатысқан кандидаттардың көбі ер азаматтар болған. 10 шақты әйел адам тіркелген. Жаңадан сайланған әкімдердің орташа жасы - 47 жас болды. Орта жастағылар басым болған.
Жаңадан сайланған әкімдер енді бұл қызметті 4 жыл атқарады. Заң бойынша одан кейін қайта сайлануына құқы болмайды. Ал өз міндетін тиісті деңгейде орындамаса жергілікті мәслихат депутаттары облыс әкіміне шағымдана алады. Тіпті оны жұмыстан босату жайлы ұсыныс жасауға да құзыретті. Айта кетейік, былтырдан бері Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр.
Сайлау кімге пайдалы?
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Әмина Үрпекова Қазақстанда өткен аудандық деңгейдегі және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы пилоттық нұсқада "халық үніне құлақ асатын мемлекет" президенттік тұжырымдамасын түсінудің жаңа кілтін белгілейтінін атап өтті.
"Қазіргі жағдайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттың атаулы бағыты туралы саяси ұстанымы нақты және жүйені өзгертетін шешімдермен расталады. Мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы ішкі қатынастар пирамидасы даралық менеджменттен азаматтық сұраныстарды жекелендіруге ауысады.
Шын мәнінде, мезо деңгейіндегі әкімдерді сайлау тетігі "халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" тиімді іске асырылуын ынталандырады: жергілікті басқарушылардың өздері енді азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасауға және оларға дауыс бергендердің мәселелерін өз бетінше шешуге мүдделі. Мұндағы пайда өзара: әкімдер тиімді жұмыс істеген жағдайда адамдарға заңды қолдау көрсетіп, ал тұрғындар өз кезегінде мүмкіндігінше өзекті мәселелерін шешеді", - дейді Әмина Үрпекова.
"Халықтан келгендерді" таңдаудың тиімді құралы"
ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров жақын арада ауылдар, аудандар мен қалалар деңгейінде (республикалық деңгейден басқа) барлық қазақстандықтар өз әкімдерін сайлайтынын білдіретінін айтады.
"Сонымен қатар, ауыл тұрғындары сайлау үдерістеріне көбірек қатысады - референдумдарға, депутаттар мен президентті сайлауға қатысудан басқа, олардың тек өз ауылының ғана емес, ауданның әкімдерін де сайлауға құқығы бар. Тікелей сайлау институтының осындай кеңеюі елді демократияландырудың нақты векторын көрсетеді. Билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделі қалыптасып жатыр. Бүгінгі таңда тікелей сайлау - азаматтардың ерік-жігерін білдірудің және шешуші саяси лауазымдарға "халықтан келгендерді" таңдаудың тиімді құралы", - дейді Ермек Тоқтаров.
Ермек Тоқтаровтың сөзінше, азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысуы сөзсіз сайлау мәдениетін жетілдіруге әкеледі.
"Сайлау үдерістерін реформалаудағы алғашқы қадамдар күрделі болуы мүмкін. Дегенмен тікелей сайлаудың әрбір жаңа толқыны ашықтықты арттырып, әділ саяси күреске жағдай жасап, азаматтық белсенділіктің өсуіне серпін береді. Шын мәнінде, бұл азаматтардың саяси құқықтарын кеңейтуді білдіреді. 2020 жылы Қазақстан азаматы ел президентін ғана сайлай алды. Ал бүгінде азаматтар ауылдар, аудандар мен қалалардың әкімдерін, сондай-ақ мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын тікелей сайлап қана қоймай, үміткерлер ретінде сайлауға өздері қатыса алады. Бұл ретте тікелей сайлау құқығын іске асыратын сайлау үдерістері жыл сайын дерлік ұйымдастырылады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл азаматтардың қоғамдық саясатқа деген қызығушылығын арттырып, олардың саяси мәдениетін күшейтеді", - дейді Тоқтаров.
5 қарашада өткен сайлауда аудан әкімдерінің төрттен бірі ауысты. Келесі жылы тағы 25 пайызын халық өзі сайлады. Осылайша 2025 жылы барлық аудан әкімі сайланбақ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!