Халықтан еселеп қайтарып алып отырған: Ақтөбеде заңсыз ломбард қызметі әшкере болды

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті ломбард қызметі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу амалдарына сүйенсек, күдікті 2020-2025 жылдар аралығында тұрмыстық техника (ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары, фотоаппараттар және т.б.) кепілімен халыққа қарыз беру схемасын ұйымдастырған. Алайда оның ломбард қызметін жүзеге асыруға лицензиясы болмаған. Уәкілетті органдар тарапынан бақылаудан жалтару үшін заңсыз қызмет комиссиондық дүкендер ретінде жасырылған.

Қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдаланған ол тәулігіне 3,7 пайызға дейін жететін жоғары пайыз мөлшерлемесін белгілеген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыз шектен 12 есе жоғары.

"Мәселен, бір клиент 257 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2 пайыз) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауға тиіс еді (0,3 пайыз)", - деді ҚМА өкілі.

Қылмыстық жолмен келген табыс көлемі 93 млн теңгеден асқан. Сот санкциясымен күдіктінің 3 көлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!