Халыққа көп табыс уәде еткен: Оралда қаржы пирамидасы әшкере болды

ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Imrat Group атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алаяқтар Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде жасырынып, азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін "жоғары табыс" уәде еткен.

Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 000 АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған. Алайда шын мәнінде салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған.

"Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер белсенді жарнама жасап, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ, Telegram арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын видеолар жариялап отырған", - деп жазылған хабарламада.

Пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!