Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстан азаматын экстрадициялады. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Күдікті 2023-2024 жылдар аралығында Атырау облысында букмекерлік кеңсе түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, нәтижесінде 21 млн теңге көлемінде пайда тапқан.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Биылғы жылдың тамыз айында ол Абу-Даби қаласының аумағында ұсталып, кейіннен Қазақстан Республикасына экстрадицияланды.
Айта кетері, ол бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!