Халықаралық іздеудегі қазақстандық алаяқтар шетелде жүрген

"Іздестіру" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Павлодар облысының жедел уәкілдері шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып, 15 қылмыскерді қолға түсірді. Олардың бірқатары ауыр қылмыстары үшін шет мемлекеттерде іздеуде жүрген болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәселен, Германияның Нюрнберг қаласында Қазақстанда алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген 43 жастағы ер адам ұсталды. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында осыған ұқсас қылмыс жасап, іздеуде жүрген 25 жастағы күдікті құрықталды.

Қазіргі таңда олардың барлығы қамауда, ал экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ Павлодар қаласында көрші елде ауыр қылмыс жасап, кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген күдікті ұсталды.

Бұдан бөлек Павлодар қаласы мен Қарағанды облысы аумағында хабар-ошарсыз кеткен екі азаматтың жүрген жері анықталды.

"Ішкі істер органдарының жедел іздестіру жұмыстары – қылмыскерлердің жазасыз қалмауы үшін өте маңызды қадам", – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!