- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Халықаралық тасжол құрылысы...
Халықаралық тасжол құрылысы Ақтөбе облысының тұрғындарын шошытты
Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылының тұрғындары елді мекенді екіге бөлетін жаңа халықаралық тасжол салынуынан қорқады. Себебі оның бірінде барлық маңызды нысан - мектеп, балабақша және аурухана қалып қояды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Ақтөбе-Атырау-Астрахань халықаралық тасжолының құрылысына қатысты дау туған. Жоба бойынша учаскелердің бірі Бестамақ ауылы арқылы өтеді. Жергілікті тұрғындар жобаны қайта қарауды талап етіп отыр. Олар жолдың ауылды екі бөлікке бөлетініне, ал жартысында барлық маңызды нысан қалатынына наразы.
"Мектеп, балабақша, аурухана, барлығы ауылдың орталығында орналасқан. Біз бір бөлігінде, Есет батыр мен Железнодорожная көшесінде қаламыз және мына бөлік. 5 минут ішінде мұнда кем дегенде 10 жүк көлігі өтеді, қазір жол жасалып жатыр, бірақ машиналар тоқтамайды, керісінше көбейіп жатыр", - деді ауыл тұрғыны Айсәуле Сүлейменова.
Сонымен қатар, жергілікті кафенің иесі жол құрылысы ауыл бизнесіне әсер ететінін айтады.
"Менің тротуарым, көлік тұрағым қайда болады?! Бизнесті жабуға тура келеді. Онда маған өтемақы төленсін! Бизнесімді тоқтатуға мәжбүрмін, бірақ несиелерімді қалай тоқтатамын?!" - деді Жұпар Бақытова.
Ақтөбе-Атырау-Астрахань халықаралық тасжолының жобасы осыдан 5 жыл бұрын әзірленген. "Қазавтожолдың" Ақтөбе филиалы облыс орталығынан Қандыағаш қаласына дейін 100 шақырым жол салу бойынша міндеттемелер қабылдаған. Бестамақ ауылы арқылы жаңа жолдың 3 шақырымы өтуі тиіс.
Шенеуніктер қоғамдық тыңдауларды бірден өткізгенін айтады. Сол кезде ауыл тұрғындары қарсы болмаған. Енді құрылыс қызу жүріп жатқан кезде ештеңені өзгерту мүмкін емес.
"Осындай проблемалық сұрақ туындаса, халықтың талаптарын ескереміз. Бестамаққа дейін жол жасаймыз және әрі қарай жалғастырамыз. Қандыағаш пен Ақтөбе арасында жолдың қандай жағдайда екенін өзіңіз де білесіз. Сондықтан бір жағынан 2 жолақты жыл соңына дейін бергіміз келеді. Бірінші және екінші учаскеде", - деп түсіндірді "Қазавтожол" ұлттық компаниясының Ақтөбе филиалының директоры Марат Махамбетов.
Ұлттық компания өкілдері бестамақтықтарға алаңдайтын мәселе жоқ деп сендірді. Ауылда үш бағдаршам қарастырылған. Бірақ жергілікті тұрғындар мұндай жағдайға да келіспейді. Тараптар келісімге келмесе, жобаның бір бөлігі қайта жасалуы керек. Бірақ бұл өте ұзақ уақыт алады.
Ж. Қадыржанова