Халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз - Тоқаев АЭС туралы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысында АЭС-ке қатысты пікір білдірді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы "таза энергетика" секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды. Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, Қазақстан атом энергетикасын дамыту ісінде мол әлеуетке ие.

"Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз", – деді Президент.

Еске салайық, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан АЭС-ке қатысты референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсайтыны хабарланды.

Кейінірек Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстанда АЭС салу бойынша өтетін референдумда бір ғана сұрақ қарастырылатынын айтты.

АЭС салу референдумы қалай өтеді?

Сондай-ақ Қазақстанда АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды.

АЭС бойынша референдум: бюллетеньде не жазылады?

Өңірлердің АЭС құрылысы бойынша референдумға дайындығы қандай?

Энергетика министрлігі өкілі Massaget.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан АЭС құрылысын жүргізетін елге тәуелді болмайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, референдум - маңызды мәселелер бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Оны "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң реттейді, ал ұйымдастырумен арнайы құрылған комиссия айналысады.

Референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске құрылды. Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.

Жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!