“Халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады“. Тоқаев әлемдегі ахуал туралы айтты

Мемлекет басшысы АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев диалогтің, сенімді нығайтудың және жан-жақты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған Әзербайжан тарапының белсенді төрағалығын оң бағалады.

"Қазақстан үшін кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан аса уақыт бұрын кең байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ болашақ құруға ұмтылған жалынды жастар оның қозғаушы күші саналатынын айтты.

"Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ниетімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнінде белгілі брендке айналды. Бүгін Лаос осы ұйымға мүше болғанына қуаныштымын", – деді Президент.

Мемлекет басшысы саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айтты. Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байыптап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін аса күрделі әрі бұрын-соңды болмаған үдерістер тіркеліп жатыр.

"Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүріп жатыр. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан аса бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл үрдіс ұзақ жыл бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2022 жылы Астанада ұйымдастырылған VI саммитте АӨСШК мүше мемлекеттері кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға уағдаласқанына назар аударды.

"Бүгінде ұйымға төрағалық етіп отырған Әзербайжан бұл миссияны лайықты деңгейде іске асырып келеді. АӨСШК жарғысы қабылдануын асыға күтеміз. Бұл алдағы іс-қимылымыздың жол картасы болады. Қазақстанның АӨСШК трансформациясына қатысты ұстанымы бұған дейін бекітілген міндеттемелерге негізделген. Сондай-ақ, ортақ түсіністікке қол жеткізуге және тиісті келісімдерді әзірлеуге икем танытуды басшылыққа алады. Кеңес Азиядағы орнын сақтай отырып, жаһандық серіктестермен ынтымақтастыққа ашық институт болуға тиіс. Ұйым өзара сенім рухындағы дәйекті диалог пен сындарлы консультацияға негізделген қауіпсіздік моделін ілгерілетуі керек", – деді Мемлекет басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!