- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Халықаралық "Жыл волонтері"...
Халықаралық "Жыл волонтері" сыйлығына қалай өтінім беруге болады?
Өткен жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялаған еді. Биыл коронавирус пандемиясы кей жұмыстарға кедергі болғанмен, волонтерлер көмегімен көп істер атқарылды. Осыған орай, мемлекет басшысы бастамасымен "Жыл волонтері" халықаралық сыйлығы тағайындалды.
Егер сіз волонтер немесе волонтерлік ұйым өкілі болсаңыз, онда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған "Жыл волонтеры" халықаралық конкурсына қатыса аласыз. Конкурсқа өтінім қабылдау кеше басталды. 15 қараша күнгі сағат 09:00-ге дейін жалғасады.
Конкурс 2 кезең бойынша өтеді. Бірінші – онлайн дауыс беру кезеңі, одан кейін дауыс беруде жоғары ұпай жинағандарды сарапшылар бағалайды. Ал жалпы жеңімпаздар 16 аталым бойынша марапатталатын болады.
"Жыл волонтері" халықаралық сыйлығы әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлік топтарды қолдауға бағытталған. Яғни, қоғамға бағытталған, әлеуметтік пайдалы міндеттерді шешуде өз үлесін қосқан волонтерлерге, волонтерлік топтарға, волонтерлік ұйымдар мен халықаралық волонтерлік ұйымдарға беріледі. Сыйлыққа ие болған жеңімпаздарға диплом және естелік мүсінше беріледі.
Өтінішті қалай беруге болады?
Егер Сіз волонтер немесе волонтерлік ұйым өкілі болсаңыз, qazvolunteer.kz интернет-платформасы арқылы өтінім беріп, волонтерлік қызмет туралы мәліметтерді толтыруыңыз керек. Бұл жайында толық мәліметті осы сілтемеге өтіп білуге болады.
"Жыл волонтері" халықаралық сыйлығына қатысуға экобелсенді Айдос Қосыбаев та талпынып отыр. Ол Birgemiz: Taza Alem жалпыұлттық жобасы аясында Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында алғаш рет аққайың ағаштарын отырғызған.
"Биыл әлем үшін қиындау кезең болса да, волонтерлардың еңбегі орасан зор болды. Елімізде олардың игі ісі арқылы жүзеге асып жатқан жобалар көп. Сондықтан олар кез келген марапатқа немесе сыйлыққа лайықты деп санаймын. Ал "Жыл волонтері" халықаралық сыйлығының орны бір бөлек. Бұған міндетті түрде қатысамын. Еңбектің бағаланып, жемісін жегенге не жетсін? Сондай-ақ волонтерлар мен экобелсенділерді де қатысуға шақырамын" - дейді Айдос Қосыбаев.
Конкурс қағидалары мен шарттары туралы толық мәліметті ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.
А. Рысдәулет