14 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында түркі тілдес мемлекет жастарының арасында Халықаралық Жайдарман сайысы өтті. Барлығы 10 команда қатысқан жарыста Ресейден келген "Ноғай құрамасы – Алтын орда" командасы жеңіске жетті.
Жастар жылының аясында ұйымдастырылған фестивальге қатысқан командалардың алтауы сырт мемлекеттен келсе, төртеуі ішкі чемпионаттарда өнер көрсетіп жүрген қазақстандық командалар. Қатысушы топтардың тізімі:
1. «Қазақстан халықтары ассамблеясының құрамасы», Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы;
2. «Баян өлке құрамасы», Моңғолия;
3. «Біз қазақпыз», Қазақстан, Екібастұз қаласы;
4. «Қарақалпақстан құрамасы», Өзбекстан, Нөкіс қаласы;
5. «Башқұртстан құрамасы», Ресей, Уфа қаласы;
6. «Ноғай құрамасы — Алтын орда», Ресей, Ноғай ауданы;
7. «Бүгін.kz», Қазақстан, Шымкент қаласы;
8. «Татарстан құрамасы», Ресей, Қазан қаласы;
9. «Миллион», Қазақстан, Шымкент қаласы;
10. «Позитифф», Қырғызстан, Бішкек.
Халықаралық деңгейде өткен сайыстың қазылар алқасы құрамында танымал сатирик Көпен Әмірбек, белгілі тележүргізуші Ирина Тен, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істер басқармасының Жастар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, Халықаралық КВН ойындарының 2017 жылғы чемпионы Данияр Жұмаділов болды.
Сайыс нәтижесі бойынша, биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық Жайдарман ойынында «Баян өлке құрамасы», «Қарақалпақстан құрамасы», «Башқұртстан құрамасы» үшінші орынға ие болып, 150 мың теңге көлемінде қаржылай ұтысқа қол жеткізді. Екінші орын "Позитифф" және "Бүгін.kz" командаларына бұйырып, жүлдегерлер 300 мың теңгені қоржынға басты. Ал Ресейден келген "Ноғай құрамасы – Алтын Орда" сайыстың жеңімпаздары атанды. Көрерменді күлкіге қарық қылған чемпиондар 1 миллион теңгеге ие болды. "Үздік ойыншы" атылымына Татарстаннан келген Наиль Салахов лайық деп танылып, өнерпаз 100 мың теңгемен марапатталды.