Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси әлемде атом энергетикасын дамытуды жалғастыру керек деп есептейді. Оның пікірінше, бұл - климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды құрал, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рафаэль Гросси 24.kz тілшісіне берген сұхбатында 6 қазанда өтетін референдум туралы пікірін айтты.
Сұхбатта негізінен климаттың өзгеруі туралы көбірек айтылады. Гроссидің сөзінше, дүниежүзі қазір атмосфераға СО2 шығарындыларының әсерін азайтуға тырысатын жолдар мен құралдарды іздестіріп жатыр.
Оның айтуынша, бұл Солтүстік Америкада, Еуропада, Азияда, Латын Америкасында жүзеге асады, тіпті Африка Египет пен Оңтүстік Африкада маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстандағы ахуалды бірнеше ондаған жыл бойы бақылап келеді, өйткені сонау кеңестік кезеңде республика аумағында атом энергетикасы нысандары болған.
Ол Президент Тоқаевпен кездесіп, атом энергетикасы мәселелерін талқылағанын да айтты.
"Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанға ақыл-кеңес берді, біздің миссиямыз елдеріңіздің алға жылжуы үшін қажет ядролық, институционалдық және реттеуші инфрақұрылымды анықтау және талдау болды. Сондай-ақ осы жылы біз қазақстандықтармен бірлесіп жұмыс істейтін түрлі тренингі мен кездесу өткізіп жатырмыз", - деді халықаралық агенттік басшысы.
Рафаэль Гроссидің сөзіне қарағанда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік консультациялар мен тренингілер арқылы АЭС салу туралы шешім қабылдаған елдерді қолдайды.
Агенттік пен Қазақстанның болашақтағы ынтымақтастығы қандай болатыны алдағы референдумның нәтижесіне байланысты болады, деді Гросси.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз