“Халық өмірін қатерге тігіп отыр“. Алматы облысының тұрғындары наразылық білдірді

Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы жаңадан төселген жол тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Ені 4 метрлік тар асфальтта көліктердің қатар жүруі қиындық тудырып, апатты жағдайлар жиілеген. Сонымен қатар, ауылда ашық жатқан люктердің көбеюі, жарықтың жиі сөнуі мен ауыз судың үнемі ақпай қалуы секілді мәселелері де тұрғындарды ашындырып отыр. Тұрғындар бұл мәселелерді бірнеше рет әкімдікке жеткізгенімен, шешімін таппай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы дәл осы көшенің ені осыған дейін 6 метрден кем болмағанымен, осы жолы асфальттың ені күрт кішірейген. Бұл жолға бір көлік еркін сыйғанымен, екі көлік қатар келгенде біреуіне жол беруіне тура келеді. Тұрғындар бұрынғы жолдың ой-шұңқыры көп болғанмен, кең болғанын айтады.

"Тар жолдың кесірінен соңғы екі аптада бес жол-көлік оқиғасы орын алды"

© Суретте: Жол салып жүрген жұмысшылар / Қуаныш Ермекова

"Бұрынғы жол кең еді. Ені 6 метрден кем емес еді. Екі жүк көлігі оңай өтетін. Ал мына жолға екі көлік сыймайды. Жолда ешқандай жол белгілері жоқ. Мектеп дәл қасымызда орналасқан, бірақ қазір онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақында мектеп ашылған кезде мұнда жол белгілері де жоқ қауіп арта ма деп қорқамын. Балаларсыз-ақ соңғы екі аптада бес жол-көлік оқиғасы болды. Соңғы жол апаты екі күн бұрын орын алды. Сол оқиғадан кейін мына баған қисайып қалды. "Нива" мен "Газель" соқтығысты, олардың бөлшектері әлі жатыр. Осындай жолмен халық өмірін қатерге тігіп отыр" – дейді ауыл тұрғыны Бектұрсын Мұқарамов.

© Суретте: Жол көлік оқиғасынан қалған сынықтар / Нұрбол Ынтамақұлы

Ауыл тұрғындарының бірі Алексеймен бірге жолдың енін өлшеп көрдік. Шынында да жолдың ені 4 метр 10 сантиметр екен. Дегенмен, жолдың екі жағында да 1,5 метрден бос орын бар, сәйкесінше жолдың жалпы ені 6-7 метрге жуықтайды.

© Суретте: Абай ауылының тұрғыны Алексей Юрьевич / Нұрбол Ынтамақұлы

© Суретте: Жол өлшемі / Нұрбол Ынтамақұлы

"Бұрын мұнда Кеңес Одағынан бері келе жатқан асфальт бар еді. Жұмысшылар оны қопарып, мына жолды төседі. Оның қалыңдығы шамамен 4-5 сантиметр. Дегенмен, ені өте тар. Қазір жолдың шетіне қиыршық тас төсеп тастаған, бірақ ол тастар бірнеше жаңбырдан кейін шайылып кетеді. Бастапқыда жұмысшылар қиыршық тасты төгіп кетіп, "өздерің төсеп алыңдар" деп айтқан," – дейді Алексей Юрьевич.

© Суретте: Жол жиегіне төселген қиыршық тас / Нұрбол Ынтамақұлы

Бұл ауылдағы жалғыз мәселе емес. Жаңа төселген асфальттың жанында ашық жатқан екі люкті байқадық. Тұрғындар әкімдік оны "бәрібір ұрлап кетеді" деп жапқысы келмейтінін айтты.

"Люктің ашық жатқанына 6-7 ай"

© Суретте: Абай ауылының тұрғыны Эльмира, ашық жатқан люк / Нұрбол Ынтамақұлы

© Суретте: Жол ортасында ашық жатқан люк, Рысқұлова-Алтынсарин қиылысы / Нұрбол Ынтамақұлы

"Люктің ашық жатқанына 6-7 ай шамасы болды. Біреудің көлігі сол люкқа түсіп, бампері сынып қалды, ал біреуі дөңгелегін жарды. Әкімдік оны жабуға асығар емес. Көршілер жиналып, шағымданған, бірақ әкім "қойсам, қайта ұрлап кетеді" деген жауап берген. Мұндай жауап бола ма?" – дейді ауыл тұрғыны Эльмира.

Ауыл тұрғындарын көшедегі жарықтандыру да алаңдатып отыр. Көшеде жарық жоқтығы аздай, үйдегі электр қуаты да жиі өшеді екен.

"Телефонның жарығын жағып, балаларымызды күтіп аламыз"

© Суретте: Ескірген электр бағанасы / Нұрбол Ынтамақұлы

"Көшеде жарық жоқ. Үйге келетін электр қуаты да жиі өшеді. Кейде күнұзақ жанбай қояды өшкеннен кейін. Жазда бұл мәселе қатты байқалмайды, бірақ күн суытқанда және қысқарғанда не істейміз? Бағаналардың бәрі ескі, сымдар салбырап тұр. Келесіде өрт шықса, таңғалмаңыз. Телефонның жарығын жағып, балаларымызды мектептен күтіп алуға мәжбүрміз," – дейді Надежда Асылханова.

Ауылдың кезекті мәселесі – ауыз су. Жер асты суы терең болғандықтан, тұрғындар тек тартылған құбырлардан ғана су ала алады.

"Жаздай суға зар болдық"

"Жазда әр екі күн сайын суды өшіреді. Жаздай судың зарын тарттық. Кір жуа алмай қаламыз. Ауыз судың жаз мезгілінде қысымы өте төмен, әсіресе жоғары көшелерде. Төменгі көшелерде қысым жақсы, бірақ жоғарылағанда қысым азаяды. Ауылдағы халық саны көбейіп келеді, ол да судың қысымының әлсіз болуына әсер етуі мүмкін," – дейді ауыл тұрғыны Мадина.

"Бәріне бірдей бюджет жетпейді"

© Суретте: Райымбек ауылдық округінің әкімдігі / Нұрбол Ынтамақұлы

Абай ауылының тұрғындарының мәселелерін шешу үшін Райымбек ауылдық округінің әкімдігіне барған едік. Алайда, әкім орнында болмай, іссапарға кеткен екен. Бізді бас маман Нұрғали Бақторазов қабылдады.

"Әкім ауылдарды аралап жүр. Абай ауылындағы Рысқұлов көшесін Қарасай ауданының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі салды. Барлық сұрақтарды сол мекемеге қоя аласыздар, ал басқа сұрақтарға ауыл әкімі жауап береді," – деді Нұрғали Бақторазов.

Толық ақпарат алу үшін аудандық әкімдікке бардық. Онда Райымбек ауылдық округінің әкімі Базарбаев Жандос Мұратбекұлымен кездестік. Әкім жол мәселесіне қатысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты екенін растады.

© Суретте: Райымбек ауылдық округінің әкімі Жандос Мұратбекұлы / Нұрбол Ынтамақұлы

"Жолды сол бөлім салды. Биыл ауылдық округте 13-14 көше жөнделді. Бізде 7 ауыл мен 78 саяжай бар, олардың бәріне бірдей бюджет жетпейді, жұмыс кезең-кезеңімен жасалады. Суға қатысты мәселе жазда тұрғындардың бассейндер мен бақшаларды суарғанынан туындады, сол кезде су қысымы азаяды. Қалған маусымдарда су қысымы тұрақты. Қазір қосымша скважиналар қазып, жаз кезінде де қысымды жақсартуға тырысып жатырмыз. Электр желілері бойынша, жаңа бағаналар орнатылып жатыр. Биыл 10 көшеге жарық шамдары орнатылады. Ал люктерді бірнеше рет орнатсақ та, ұрлап кетеді. Пластмасса люктер тез сынады. Мен әкім болып 8 айдан бері қызмет етемін, осыған дейін де ұрлық болған. Қазіргі канализация жүйесі істемейді, бірақ жобалық құжаттар дайындалып, оны жаңғырту жоспарлануда. Арықтарға қатысты тұрғындар үйлерін салған кезде оларды көміп тастайды. Түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімізбен, кейбіреулер ескермейді. Негізінде, Абай ауылы тұрғындарының ренжитін жөні жоқ. Биыл қолымыздан келгенше бірқатар жұмыстар атқарылды," – деді әкім.

Тар көше сонымен кеңейтіле ме?

© Суретте: Қарасай ауданының әкімдігі / Нұрбол Ынтамақұлы

© Суретте: Жол жобасы / Нұрбол Ынтамақұлы

Тар көшенің мәселесімен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Жанат Ержанұлы Шакировпен кездестік. Ол бізге сметалық құжаттарды көрсетіп, жолдың салынғанын, бірақ әлі қабылданбағанын айтты. 

"Жол сызбасын "Игілік Стройпроект" ЖШС жасады, оны мемлекеттік сараптама мақұлдады. Жол салынды, бірақ біз оны әлі қабылдап алмадық. Сіздер дұрыс айтасыздар, жолдың ені тар. Алдағы уақытта жолдың жиегін кеңейтуге тырысамыз. Оған тағы ақша бөлу керек" – деді Жанат Ержанұлы.

 

© Суретте: Рысқұлов көшесінің құжаты / Нұрбол Ынтамақұлы

Мемлекеттік сатып алу порталынан бұл тапсырысты таптық. Онда люк пен арнайы жол белгісі де көрсетілген. Бірақ көше бойынан біз оларды таппадық. Құжаттарда жолдың ені шынында да 4 метр деп көрсетілген. Алайда, бұрын 6 метр болған жолдың неге 4 метрге дейін қысқартылғаны белгісіз. Бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану және асфальттың енін қысқартуға орай Қарасай ауданына қарасты Антикор- мен прокуратураға арнайы сауал жолдадық. Алдағы уақытта бұл мәселе бақылауымызда болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!