- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Халық наразы". Қазақстанда...
"Халық наразы". Қазақстанда cancel-мәдениетке ұшыраған ресейліктер артып келеді
Қазақстандықтар үш ресейліктің елге келуіне қарсы шықты. Оның ішінде, әнші Полина Гагарина, пикапер және блогер Алекс Лесли, дінтанушы Шамиль Аляутдинов бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Globalnews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Барлық қазақ қызын сындырамыз" деп, қазақ қыздарын қалай арбау керегін үйретпек болған пикапердің мәлімдемесі қоғамда дүмпу туғызды, "Келсе болды, аяқ-қолын сындырамыз" деген хабарламалар жазыла бастады. Алматы ІІМ Алекси Леслиге бір жылға келуге тыйым салуға мәжбүр болды. Алайда Алекс Лесли қазақстандықтарды одан бетер ызасын туғызатын мәлімдемелерді жариялауды жалғастырды.
Ол Instagram стористерінде Алматыға ұшып келе жатқанын, әуежайда багажын күтіп тұрған видеоларды жариялады. Боксшы Жаңқош Тұраров Лесли Қазақстанға келе қалса қазақ қыздарының намысын таптатпайтынын мәлімдеді. Алайда пикапердің видеолары фейк болып шықты. Ол басқа біреулердің видеосының үстіне дауысын жаза салған.
Ресейлік дінтанушы Шамиль Аляутдиновтың да Астанадағы тренингке спикер ретінде келмеуіне қазақстандықтар жабылып жүріп атсалысты. Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларына дінтанушының Ресейдің Украинадағы арнайы операциясын қолдауы ұнамаған. Қазақстандықтар Аляутдиновтың Instagram парақшасына шабуыл жасап, "фашист" деген сыңайдағы пікірлер қалдырған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аляутдинов ұнамсыз пікірлерді өшіріп, хейтерлерді банға қанша тыққанымен, қоғамдық дүмпу басыла қоймады. Аяғында ол Астанаға бармауды жөн көрген. Мұны мәлімдеген видеосы да елдің талқысына түсті. Себебі онда дінтанушы "хейтерлер біртіндеп шіріп өледі" деп мәлімдеген. Жұрт дін өкілінің бұл өктемдігіне қайран қалды. Барынша актерлік шеберлігімен көркемдеуге тырысқан мәлімдемесін көпшілік теріс қабылдады. Олардың айтуынша, Аляутдиновке тренинг емес, театрда ойнау керек.
Айта кету керек, бұған дейін қазақстандықтардың жаппай наразылығынан кейін ресейлік арнайы операцияны ашық қолдаған әнші Полина Гагаринаның келесі жылдың ақпанына жоспарланған Алматыдағы концерті өтпейтін болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина