- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық лига
“Халық лигасы“: Болашақ чемпиондар дайындайтын жоба кімдерге арналған?

Виолетта Слободян - бойы ұзын, қою қара шашты, қоңыр көзді, қайсар мінезді жасөспірім. Жеті жыл балалық дәуренін Ақкөл балалар үйінде өткізген қыздың жасы бүгінде 15-те. Тағдыр солай болды. Десе де, әңгіме бұл туралы емес. Біз табандылық пен қайсарлық ұштасқан, жетістікке жету жолы жайлы баяндағымыз келеді.
Виолетта бала кезінен саяхаттауды армандаған. Жаңа нәрселерді үйреніп, жаңа таныстықтарға жол ашып, жарқын эмоцияларды сезініп, тың мәдениетпен танысуды жаны сүйеді. Үш жыл бұрын ол баскетбол ойынын жанына серік етті. Бірінші жаттығудан кейін бұл спортты берік мақсат етті. Содан бері бірде-бір дайындықтан қалған емес. Үздіксіз жаттығулар, жарыстар мен жеңістер оған баскетболдың жай ғана спорт емес, оның арманына жол ашқан қадам екенін түсінуге мүмкіндік берді. Солайша ол бала арманына қанат біткенін ұқты.
Виолетта Слободян. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан
"Бұл спортқа келу, оның ішінде Виолеттаға да оңайға соқпады. Көптеген техникалық элементтерді қайталау кезінде қателіктер болды. Десе де ол тапсырмаларды тез қағып алды. Оның жеңіске талпынған үмітті, қуанышты көздерін көрген сайын өзімді бақытты сезінемін. Ол сондай қабілетті, еңбекқор, сәтсіздікке мойымайтын қайсар қыз. Ештеңеден қорықпайды. Бәріне жақсы көзқараспен қарап, менің ескертулерім мен түзетулерімді мұқият тыңдайды. Қаншалықты қиынға соқса да, баскетболды тастау туралы ойлаған емес", - дейді жаттықтырушысы Янина Везнер.
Виолетта Слободян әр ойынның алдында уайым мен қорқыныш және команда алдындағы жауапкершілікті сезінетінін бөлісті.
"Мен топтағы балаларға үнемі жеңіліп бара жатқан күннің өзінде берілмеу керектігін айтамын. Ойынды соңына дейін жалғастырып, әр ұпай үшін, әр доп үшін жаныңды беріп, барыңды салу қажет екенін еске салып отырамын. Балаларға эмоция тұрғысынан кейде қиынға соғады. Оларды барынша сабырға шақырып, әрдайым қолдау білдіруге тырысамын. Әрқашан әр баланың жанынан табылып, қиындықта да, жеңісті күндерде де демеу болатынымды жеткіземін. Ең бастысы - шынайы ниет және жетістікке жету жолындағы қажырлы еңбек маңызды", - деп бөлісті жаттықтырушы.
2024 жылы Виолетта өнер көрсететін команда Halyk Bank ұйымдастырған "Үміт кубогы" турнирінде 2-орынға ие болды. Ол баскетболды спорт түрлерінің ішіндегі әдемісі деп атады. Алайда оның өмірінде ерік-жігер мен рухты шыңдайтын күшті спорт түрі - каратэ де бар. Спортшы қыз салауатты өмір салтымен қатар оқуды да назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
Болашаққа қандай жоспарың бар деген сұрағымызға: "Дәл қазір мен мектепті өте жақсы бағамен тәмамдағым келеді", - деді Виолетта.
Виолетта командасымен бірге. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан
"Үміт кубогы" және "Халық лигасы" дегеніміз не?
"Үміт кубогы" - Қазақстандағы балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері арасында өткізілетін жыл сайынғы баскетбол чемпионаты. Бұл турнирді осыдан 20 жыл бұрын алғаш рет еліміздің Ұлттық баскетбол федерациясы қолға алған болатын. Бірақ ол кезде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамту ғана мүмкін болды. Басқа аймақтардың балаларын бұл жарысқа тарту үшін демеушілер тарапынан қолдау қажет болды. Осы тұста Halyk балалардың келешегі үшін маңызды бөлшек болатын бұл жобаға қолдау білдірді. Осылайша, банктің қолдауымен "Халық лигасы" атты балаларға кәсіби жаттықтырушылармен бірге баскетбол ойнауға мүмкіндік беретін жарқын жоба іске қосылды.
"Халық лигасы" біз үшін де ерекше жоба. Біз балалардың қарым-қабілетін ашуға, тәртіпке үйретуге, өзіне деген сенімділікті арттыруға және шынайы достар табуға көмектесетін мұндай бастамалардың күшіне шынайы сенеміз. Біз үшін осы даңғыл жолдың бір бөлігі болып, күш-жігеріміздің нақты жемісін көру маңызды болып отыр. Жобаны жүзеге асыру бүкіл ел бойынша жүздеген балалар мен жасөспірімдерге көп мүмкіндік ашқан, нағыз қолдауға айналған дүние болды", - деп пікір білдірді Halyk басқарма төрағасының орынбасары, "Халық лигасы" жобасының кураторы Ольга Вурос.
Халық лигасы өзінің алғашқы бастамасын 2005 жылдан бастады. Алайда 2020 жылы коронавирустық пандемияға байланысты оны уақытша тоқтатуға тура келді. 2023 жылы Halyk өзінің ғасырлық мерейтойына орай "100 игі іс" жобасын қолға алып, оның аясында "Халық лигасын" жаңарту туралы шешім қабылдады. Бүгінде бұл бастамаға 18 балалар үйінің тәрбиеленушілері дайындықты бастап кетті. Олар арнайы форма, аяқкиім және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Богдан мен Камила
Шымкенттегі №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Богдан Кириченко да өзінің жан тыныштығын баскетболдан тапқан жан. Жаттығу оның күнделікті өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Бұл спортта ол өзін бір топтың мүшесі ретінде ғана емес, ортақ мүддеге қадам басқан жандардың сенімді серігі ретінде сезінеді.
Богдан Кириченко. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан
"Менің командам - менің достарым. Әр матчтан кейін мен нағыз эмоционалды биіктікті сезінемін", - деп бөлісті Богдан.
Ол алғашқы жарыс алдында қатты қобалжығанын, бірақ уақыт өте бұл уайымды спорттық құмарлыққа айналдыра алғанын мойындайды. Богданның жаттықтырушысы Данил Серединский де бұл сезімді құптап, спортта ең маңызды нәрсе - тәртіп екенін атап өтті.
"Мен жаттықтырушы ғана емес, тәлім-тәрбие бере алатын жан болуға тырысамын. Богдан қазір үлкен жетістіктерді еңсеріп жатыр. Ол арманына қарай қадам басып, барын салады. Үнемі күткен нәрсесі орындалмаса да, мақсатына қарай жүруді тоқтатқан емес", - деді жаттықтырушы.
Тағы бір жаттықтырушы өзінің шәкірті Камила Жәлелдің табандылығын ерекше атап өтті.
"Ол өзімен жұмыс істегенді ұнатады және әрқашан өз дегеніне жетеді", - дейді жаттықтырушы.
Ал Камиланың өзі баскетбол ойынын өзінің күшіне сенуге және өзін табуға көмектескенін айтады.
Камила Жәлел. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан
"Әр жаттығудан кейін өзімнің шеберлігімді арттырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатқанымды көріп, мен спортпен шындап айналысу керектігін түсіндім. Сонымен қатар командалық жұмыс және жеңіске деген ортақ ұмтылыс айтып жеткізуге келмейтін сезімдер береді. Алғашқы ойын алдында мен өте қатты уайымға берілдім. Мен үшін әр нәрсе таңсық болып көрінді. Бірақ ойын бастала салысымен барлық уайымымды ұмытып, ойында өзімнің жан тыныштығымды таптым", - деп бөлісті Камила.
Ол әлі де алаңға шыққанда қобалжитынын айтты. Десе де, Камила сенім мен толықтай берілудің маңызды екенін бөлісті. Камила көптеген мотивациялық және биографиялық кітаптар оқиды. Сонымен қатар көркем және деректі кино әлемінен шабыт алады. Ол өзінің қабілетіне сенеді және бастауыш сынып мұғалімі болуды армандайды.
"Богданның да, Камиланың да және басқа да көптеген балалардың баскетболдан көретін келешегі зор. Олар жаттықтырушы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды немесе тіпті қаланың жоғарғы лига командасынан ойып тұрып орын алуды мұрат етіп отыр. Қазіргі уақытта олар "Үміт кубогына" дайындалып жатыр және жеңіссіз оралмауды көздеп отыр", - деп қосты жаттықтырушы Данил Серединский.
2025 жылы "Халық лигасында" Богдан, Камила және Виолетта сияқты 400-ге жуық бала қамтылды. Бұл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әртүрлі жастағы балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиеленушілері.
"Халық лигасы" бұған дейін республиканың үш спорт шебері мен 60-тан астам спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындап шығарған. Чемпионат болған уақыт ішінде оған еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 4000-нан астам бала қатысты. "Халық лигасы" командаларының мүшелері кәсіби баскетбол мансабын ойыншы ретінде ғана емес, жаттықтырушы ретінде де жалғастырып жатыр.
Бапкерлер жайлы бір үзік ой
"Халық лигасы" жас баскетболшыларға ғана емес, олардың жаттықтырушыларына да жарқын жол ашады. Олардың көпшілігі өз білімдері мен дағдыларын бөлісетін шәкірттер тауып, спорттық дәстүр мен мұраны жалғайтын жастарды тәрбиелеп жатқанына қуанады.
"2023 жылғы соңғы чемпионаттан бері жаттығуды тоқтатқан жоқпыз. Біз барымызды салып жаттығып жатырмыз. Алдағы жаңа маусымға дайындалу үстіндеміз. Арамызға жаңа балалар да - кіші және орта жастағы қыздар мен ұлдар қосылды. Қазір қос командадағы балалар саны 42-ге жетті. Halyk Bank-тің арқасында бізде жаттығуға қажетті дүниенің бәрі бар. Біз жаңа маусымға қызу дайындалып жатырмыз. Балалар өткен жылы жазғы лагерьде болды. Соның өзінде дайындықты пысықтап кететінмін. Қазір балалар қала біріншілігіне қатысып жатыр. Біз "Халық лигасындағы" жетістігімізді қайталағымыз келеді. Балалар барын салып жатыр", - дейді Данил Серединский.
Данил Серединский. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан
Янина Везнер Ақкөлде баскетболға қызығушылық артқанын, желтоқсан айында командаға жаңа ұл-қыздар қосылғанын айтты.
"Қазір біз жаңа маусымға дайындалып жатырмыз. Балалар күнде қуана-қуана жаттығу үстінде. Әрине, олар "Үміт кубогының" иегері атанғысы келеді. Ал мен ойын барысында командалық ойын мен берік достықты көбірек көргім келеді. Мен сендерден бір-біріңе шынайы қолдау көрсетулеріңді сұраймын. Себебі шынайы команда ғана діттеген дүниесіне жетеді. Мен балаларға оларды біріктірген баскетбол добы екенін жеткіземін. Сол доп арқылы бір-бірімен байланысып, ортақ жұмысты көрсете білу керек. Ал мен өз тарапымнан оларға барынша көмектесуге тырысамын", - деді Янина Везнер эмоциясын бөлісіп.
Атырау облысының Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде жұмыс істейтін жаттықтырушы Елтай Бисенғалиев те баскетбол ойыны балалардың физикалық дамуына ғана емес, жеке тұлға болып өсуіне де әсер ететінін бөлісті.
"Біз 2024 жылдың қыркүйегінен бастап баскетболмен белсенді айналысып келеміз. Ал 2025 жылдың басына қарай балалар өте жақсы нәтиже көрсетіп, тәртіп пен өзара берік байланысты дәлелдей білді. Балалар үйінің тәрбиешілері балалардың еңбексүйгіштігі, ұйымшылдығы, бірлігі артқанын байқады. Балалар баскетбол ойнағанды жақсы көреді. Бұл олардың әлемді қабылдауына, өздеріне деген сенімді арттыруға, ашық болуларына ықпал етеді", - деді Елтай Бисенғалиев.
Жыл сайын "Халық лигасы" Қазақстандағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің өмірінің маңызды бөлігіне айналып, олардың тек спортшы ғана емес, сонымен қатар өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына көмектесіп отыр.
сурет: Алексей Пак
Halyk Bank ұсынған материал
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Литпин