- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Халық та қиналып...
"Халық та қиналып қалады". Алматы облысында кәріз қалдығын төгетін орын тапшы
Алматы облысында ассенизатор көлігінің жүргізушілері компания басшылары кәріз қалдықтарын төгетін орынды ескертусіз жауып тастағанына наразы. Қарасай ауданындағы жалғыз орынға жеке тұрғын үйлерден бөлек мемлекеттік мекемелердің қалдықтары да тасымалданады екен. Жүргізушілер жауаптылардың жөнсіз әрекетінің кесірінен 2 күн бойы көлік бөшкесінде тұрып, қатып қалып, жарылып кете ме деп алаңдайды. Аудан үшін маңызды нысанның жабылуына не себеп? Massaget.kz тілшісі тараптарды тыңдап келді.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Қаңтарыла тізілген көліктер 2 күннен бері жұмыстарына шыға алмай қалған. Себебі 1 ақпаннан бастап "BeyAzh Trans" ЖШС-не тиесілі қоқыс төгуге арналған құдық аяқасты жабылып қалыпты. Салдарынан күніне 4-5 рейс жасайтын жүргізушілер сұйық қалдықтарын қайда төгерін білмей дал.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ассенизатор жүргізушісі Ғани Қарабаев.
"Қарасай ауданын толықтай осы қызмет түрімен қамтып отырмыз. Мектебі бар, балабақшасы бар, ауруханасы бар бәріне біз қызмет көрсетеміз. Бірінші қаңтарда кәріз қалдығын төгетін орын жабылды. Ол жерге ай сайын 40 мың теңге төлеп төгіп жүргенбіз. Одан басқа төгетін жеріміз жоқ. Жеке меншік жер болғандықтан жабылып қалуы мүмкін. Екі күнге жабылғанның өзінде халықтың қиналып кетті. Халық күннен күнге көбейіп жатыр", - дейді ассенизатор жүргізушісі Ғани Қарабаев.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Жүргізушілер компания басшылығы бұл әрекетті ескертусіз жасағанына наразы. Себебі бұл аудандағы қалдықтарды төгетін жалғыз орын. Ал сұйықтықты қалаға апарып төгер болса қызмет бағасы 3 есе қымбаттап кететінін жасырмады.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ассенизатор жүргізушісі Бахтияр Медетов.
"Бізге жабылатыны туралы ескерткен жоқ. Одан басқа біздің төгетін жеріміз жоқ. Қазір қыстың көзі қырауда біреудің үйінен кәріз суын алып шыққанымызбен бөшкенің ішінде қатып қалады. Бізге басқа да төгетін жер керек. Ал оны қалаға апаратын болсақ халықтың қалтасы көтермейді. Қаланың мына басынан ана басына бару үшін 3 есе бағасы өсіп кетеді. Қазір бір рейс 10-15 мың болса, ұзаққа таситын болсақ 45-50 мыңға дейін кетіп қалады", - деді ассенизатор жүргізушісі Бахтияр Медетов.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Қызметкерлер бұл мекеменің бұған дейін де бірнеше мәрте жабылғанын айтты. Қарасай ауданына қарайтын 10-15 ауыл мен Қаскелең қаласын қамтамасыз етіп отырған 65 ассенизатор көлігі бар екен.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Ұмтыл ауылдық округінің әкімінің сөзіне сүйенсек, ауыл тұрғындары кәріз қалдықтарын төгетін орыннан жағымсыз иіс келетінін айтып арыз-шағым түсіріпті. Кәріз қалдықтарын ағызатын орын дұрыс болмағандықтан экология басқармасы компанияға айыппұл салған.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Үмбетәлиев.
"Қалдықтарды қабылдайтын "BeyAzh Trans" ЖШС-нде кемшіліктер анықталып экология басқармасы 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Содан кейін жеке меншік ассенизатор жүргізушілері кәріз қалдықтарын төгетін жер таба алмай қалды. Біз компания өкілдерімен кездесіп, "BeyAzh Trans" ЖШС кемшіліктерді түзей отырып, қызметін жалғастыратын болады. Болашақта жабылып қалады деген қауіп жоқ", - дейді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Үмбетәлиев.
Фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Айыппұлдың кесірінен компания ассенизатор жүргізушілеріне тариф бағасын қымбаттатып жіберуі мүмкін бе? - деген заңды сауалды әкімнің өзіне қойдық. Серік Үмбеталиев осы аптада тариф бағасы көтерілмеуінің қамын жасап, компания басшыларымен келіссөз жүргізетінін айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов