Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров картоп қымбаттап кеткенін айтып, жауаптыларды сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, шаруалардың мәселесіне келгенде Үкімет түрлі сылтау айтып, көп сұрақты жауапсыз қалдырады.
"Сол үшін де қазір елде картоп қымбаттап, онсыз да ет жеуден қалған халықтың қалтасын одан сайын қағып жатыр. Осы жерде қандай тақырып көтерсек те, ол жеке бастың мәселесі емес. Бір сұрақтың артында жүз мыңдаған отандасымыз бар екенін есіңізге салып өткім келеді", - деді ол.
Қожаназаров былтыр жыл аяғында Президент шаруалардың қолданатын техникаларын жаңарту керек деп нақты тапсырма бергенін, алайда 2 апта өткен соң шаруалар мемлекеттік кірістер комитетінен 2021-2024 жылдар аралығында салық төлеу ісі бойынша заңбұзушылықтар бар деген хабарламалар алғанын жеткізді.
"Бұл ескерту жүздеген шаруа мен лизингтік компаниялардың мойнына 32 млрд теңге қосымша салық жүктеп отыр. Нақтылап айтсам, шаруалар, лизингтік компаниялар және резидент емес жеткізуші компаниялар арасында сыртқы сауда қызметі аясында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға келісімшарттар жасаған. Техникалар ішкі қажеттілік үшін кедендік рәсімдерден толық өткен, қажет деген салықтар мен төлемдер толық төленген. Астын сызып тұрып айту керек, біздің шаруалар ауыл шаруашылық техникаларын сырттан алдырған кезде Қазақстан Республикасының қандай заң талаптары бар, біреуін қалдырмай орындаған. Тіпті бұл экспорттық-импорттық келісімшарттар Ұлттық банкте тіркеуден өткен. Валюталық бақылау, кедендік декларация құжаттары да бар", - деді депутат.
Оның сөзінше, Салық кодексінің 645-ші бабының 9-тармағының 1-ші тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына сыртқы сауда қызметі аясында тауарларды тасымалдау бойынша төлемдерге салық салынбайды.
"Жарлының аузы аққа тисе мұрны қанайды" дегендей, онсыз да қымбатшылықтан ығыры шығып, қарызға батқан шаруалар оған да көніп, көктемгі егіске дайындалудың орнына "ешқандай заң бұзған жоқпыз" деп жан-жаққа түсініктеме жазып, жанталасып жүр. Бірақ оларды тыңдап жатқан билік жоқ, одан сайын қорқытып-үркітіп, "тез арада салықтарыңды төлеңдер" деп алқымнан алып жатыр. Тіпті есепшоттарын да бұғаттап тастаған. Негізі, біздің шаруаларға заманауи техникалар мен құрылғылар керек. Оны айтпаса да түсінікті. Бірақ Салық заңнамасындағы жүйесіз талап-тәртіп лизинг берушілер мен техника тасымалдап отырған кәсіпкерлерді тұншықтырып отыр. Жалпы біз кедендік тәртіпті фермерлерге салық төлетіп салмақ салу үшін емес, керісінше, аз уақыт ішінде керек құрылғыларын кедергісіз өткізіп алсын деп енгізген едік қой. Мемлекеттік кірістер комитетінің еңбек адамдарына деген солақай саясаты жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Мұндай қысымнан кейін кім ауылға барып жұмыс істегісі келеді? Шаруалар қауымын бұлай қылқындыра берсек, ауыл шаруашылығы саласынан біржола айырыламыз", - деп ашынды ол.
Депутат бұл жағдай қазір үлкен дауға ұласып бара жатқанын айтып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен тез арада арнайы жұмыс тобын құрып, сұрақты жан-жақты зерттеп, әсіресе мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрекеттеріне тоқтау салуды сұрады.
Бұған дейін не белгілі?
Қазақстанның түрлі өңірлерінде картоптың бағасы екі есеге дейін өсті. Ақтөбеде қаңтардың басында картоптың бір келісі 200 теңгеден асса, кейінгі аптада 388 теңгеге дейін көтерілді. Жетісуда баға 400 теңгеден асып кетті. Ең қымбат картоп Астанада сатылды, келісі - 455 теңге.
Кейінірек бұл мәселеге қатысты Үкімет мәлімдеме жасады.
Сауда және интеграция министрлігі де мәселе бақылауда екенін хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова