"Халық ескі несиесін өтеу үшін жаңасын алуға мәжбүр". Кәсіпкер Kaspi-дегі кепілге алу немен байланысты екенін айтты

"Халық ескі несиесін өтеу үшін жаңасын алуға мәжбүр". Кәсіпкер Kaspi-дегі кепілге алу немен байланысты екенін айтты

Танымал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов қазақстандықтардың несие проблемасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәсіпкердің сөзінше, бүгінде несие алу студенттерге, зейнеткерлерге, тіпті жұмыссыздарға да оңай шаруа болып кеткен. 

"Отбасы мүшесінің әрқайсысында 2,28 кредит бар. Бұл масқара! Оның үстіне, олардың төлем қабілеттілігі де ешкімді алаңдатпайды. Қазақстандықтардың қарызы күн өткен сайын артып, тығырыққа батырып жатыр. Халық 56 пайыздық ескі несиесін өтеу үшін, жаңа несие алуға мәжбүр. Жалақы түгелдей қарызды өтеумен кетеді. Мұны өмір сүру түгіл, күнелту деп айту қиын. Соның салдары адамдарды қылмысқа, суицидке апаратыны анық... Өткенде Астанадағы банкке шабуыл - осының алғашқы көрінісі", - дейді кәсіпкер.

Жұмабек Жанықұлов қазақстандықтар "алданып жүрген" тағы бір тәсіл туралы айтты.

"Каспи Ред - қазақстандықтарды алдаудың тағы бір тамаша тәсілі. Жылдам ақша өзінің қолжетімділігімен кез келгенді қызықтыратыны белгілі. Адамдар аңғармастан қажетсіз заттар мен бұйымдар сатып алумен әлек. Дәл осы жағдайда банк қарапайым адамдар мен қоса Бизнестен де табыс табады. Kaspi аппетитіңді азайт, әлі көзі жыбырлағанның бәріне жаппай несие беруді тоқтат", - дейді Жанықұлов. 

Еске салайық, Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше тұрғынды кепілге алған. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында келушілер жоқ.

"Қазір филиалда тек банк қызметкерлері ғана, филиалда келушілер жоқ. Тәртіп сақшылары қызметкерлерді қорқытқан ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге ба,ытталды. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауыңызды және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуіңізді сұраймыз. Кез келген жалған ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін", - делінген хабарламада. 

Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Kaspi Bank-те кәсіпқой келіссөзшілер кепілгермен сөйлесіп жатыр. Ер адам 7 адамды кепілге алғаны мәлім болды.

Астанада адамдарды кепілге алған басқыншы диспансерде есепте тұр - Kaspi

"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері. 

Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина