“Халық есебінен еш қиындықсыз пайда табады“. Смайылов Энергетика министрлігіне шүйлікті

“Халық есебінен еш қиындықсыз пайда табады“. Смайылов Энергетика министрлігіне шүйлікті
Фото: depositphotos.com

Жоғарғы аудиторлық палатада энергетика саласындағы мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды. 

Аудиторлық іс-шаралар Энергетика министрлігін; "Самұрық-Энерго" АҚ; "KEGOC" АҚ; "Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы" АҚ; "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС және басқа да ұйымдарды қамтыды.

Электр энергиясы нарығында провайдерлер саны артып келеді. Қазір олардың саны 18 заңды тұлғаға жеткен.

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, олардың қызмет құны реттелмейді, ал жеткізілетін электр энергиясының көлемі мен бағасы шарттық қатынастарға негізделген.

"Бұл тұтыну мен өндірудің нақты көлемдерін жасыруға мүмкіндік беріп, нарықтың ашықтығына нұқсан келтіреді. Тек 2024 жылдың өзінде провайдерлер нарық операторларын айналып өтіп, 187 ұйымнан 13,7 млрд кВт*сағ электр энергиясын (шамамен 200 млрд теңге) сатып алған және таратқан", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, майнерлердің бірыңғай сатып алушы "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС-ны айналып өтіп, сыртқы компаниялардан теңгерімдеуші жеткізуші арқылы электр энергиясын сатып алғаны анықталған. 2024 жылдың өзінде олар 901 млн кВт*сағ (шамамен 13 млрд теңгеден астам) энергия тұтынған.

Отырыста Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл мәселеге ерекше назар аударды.

"Ең алдымен Энергетика министрлігі тарапынан өндіріс көлеміне, тұтынуға және нақты тарифтерге мониторинг жүргізілуге тиіс. Аудит деректеріне сәйкес майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт*сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынып отыр. Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады?" - деді Әлихан Смайылов ҚР Энергетика министрлігінің өкілдеріне.

Министрлік өкілдері майнерлерге қатысты лицензиялау механизмдері әзірленгенін мәлімдеді.

"Лицензиялау – бір мәселе. Олар энергияны провайдерлер арқылы реттелмейтін бағамен сатып алады. Нәтижесінде шығындар тұтынушыларға жүктеліп отыр. Баланстық провайдерлердің саны артып барады. Бұл - халық есебінен еш қиындықсыз пайда табудың жолы. Ал сіздер бұған жол беріп отырсыздар. Бақылаудың тиімді механизмдері жоқ", - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget