Қазақ халқы ежелден халық емшісіне аса сеніммен қарайды. Бұл тіркеске медицина мен технология дамыған заманда да емші аралап, сырқатына шипа іздеген адамдар дәлел. Мысалы, ауруына 6 жылдан бері ем таба алмай жүрген алматылық Кәмшат Қошпанова халық емшісіне барғаннан кейін сауығып кеткен. Дегенмен де Massaget.kz тілшісі қоғамның емші-тәуіпке сонша сенім артуының сыры неде екенін, бұл үрдістің қашан бастау алғанына көз жүгіртті.
Дәрігерлер кейіпкеріміздің қалқанша безі мен асқазан-ішек жолдарынан созылмалы ауру тапқан. "Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады" деп отырған келіншектің айтуынша, емшіге келіп жүрген уақытта, жағдайының жақсарғаны өзіне сезілген. Енді ол қайта ауруханаға барып, тексерістен өткен соң, бар дерттен құтылғанына көзі жетіп, қуанышы қойнына сыймай отыр.
"Дәрігерлер қанша жылдан бері түрлі диагноз қойған еді. Содан емші ағамызға келдім, ол мені емдеген соң, жағдайымның жақсарғанын сездім. Қайта дәрігерлерге барып, тексерілдім, гастроэнтеролог "ешқандай ауру жоқ" деп жазып, мені шығарып салды. Таңғалып жатырмыз", - деді ол.
Емші кейіпкерімізді мазалап жүрген кеселді бірден анықтаған көрінеді.
"2019 жылдан бастап денсаулығым сыр беріп бастады. Бірінші денем көп қызатын, ас қорытылмайтын, кейін бір көзім көрмей қалды, бір құлағым естімей қалды, дәрігер гастрит, панкреатит, көкбауырдың қабынуы, майлы гепатоз диагноздарын қойды. Кейінірек без ісіп, дәрігерлер онкологияға жіберді, ол жақтағылар туберкелез деп, біраз сандалдым. Сөйтсем, емшісінің сөзінше, менде "жылауық" дейтін ауру болыпты. Ол бұрын малдарда болған, ағзада жүріп, әр ағзаны бір ауырта береді екен", - деді Кәмшат Қошпанова.
Алматылық тұрғын халық емшісінің алдына шарасыздықтан келгенін жасырмады.
"Шынымды айтсам, өзім халық емшісі дегенге сенбейтін едім. Бірақ, басқа амалым қалмады, медицинада 5 жыл бойы жүрдім. Ем іздеймін деп барлық жерге бардым. Содан бұл кісінің видеосын әлеуметтік желіден көріп барып едім, сырқатымнан айықтым", - деді ол.
Кәмшат Қошпанованың айтуынша, емшінің қолында биоток бар.
"Ол кісінің қолында биотоғы бар. Екі қолы екі түрлі, бір қолы ауруды алады, екіншісі емдейді. Ешқандай дәрі тағайындамады, дұға оқиды, дем салады", - деді ол.
Сонымен қатар, кейіпкеріміз халық емшісіне барып ем алу, ауруханаға барғаннан әлдеқайда арзан шыққанын жеткізді.
Massaget.kz тілшісі қазақ емшіге неліктен қатты сенетінін анықтау үшін тарихқа көз жүгіртіп, этнограф Болат Бопайұлынан жауап алды.
Этнографтың айтуынша, ежелде халық емшілері мен тамыршылары дәстүрлі медицинаны қолданған.
"Қазақ халқы ежелден халық емшісіне сенген. Олар дәстүрлі медицинамен айналысып, табиғи әдістер мен шөптерді пайдаланып емдеген. Халық емшілері әртүрлі сипаттағы аурулардың диагнозын тамырын ұстау арқылы дәп басып тауып, ол ауруға қандай шөп дәрілердің ем-шипа болатынынан хабардар болған. Нәтижесінде, "жазылмайды" деген ауруларды да емдеп-домдаған. Сыртқы және ішкі аурулармен қатар, буын-сүйек ауруларын, қотыр, теңбіл, теміреткі, қара сүйел сынды тері ауруларына да май дәрідер жасап, өнімді түрде емдей білген. Желігіп, жынданып, құтырып мінезі бұзылған психологиялық ауруларды сумен, отпен, сарала қамшымен тағы да басқа құралдармен емдеп, ұшықтап сақайтқан. Сондықтан емшілердің халық арасындағы беделі өте жоғары болған. Сүйтіп олардың емдеу әдістеріне сенім артқан", - деп түсіндірді Болат Бопайұлы.
Маман қазақтың халық емшісіне сенуінің бірнеше себебін тізді:
Ежелде халық емшілері ауруларды емін әртүрлі әдіс арқылы табуға тырысқан.
Шөптер мен өсімдіктер. Түрлі шөптерден, өсімдіктерден дайындалған дәрілер қолданылған. Мысалы, жусан, қызылмия, түймедақ сияқты шөптерді пайдаланып, асқазан-ішек ауруларын емдеген.
Бақсы-балгерлер. Бақсылар мен балгерлер ауруларды емдеу үшін дұғалар, шамандық рәсімдер, күй мен ән айтқан. Олар адамның рухани жағдайын емдеуге де көңіл бөлген.
Табиғи өнімдер. Қымыз, шұбат сияқты табиғи сусындар емдік қасиеттерімен танымал. Мысалы, қымызды ас қорыту жүйесін жақсарту үшін ішкен және қазір де ішеді.
Болат Бопайұлы халықтың емшіге деген өлмес сенімін бірнеше себепке бөлді.
Мысалы, біріншісі, дәстүрге деген адалдық. Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне адалдығы күшті болғандықтан, халық емшілерінің әдістеріне сенім сақталып отыр. Екіншісі, табиғи әдістерге сенім. Көптеген адам химиялық дәрілердің салдарынан қорқатындықтан, табиғи емдеу әдістерінің қауіпсіздігіне сенеді. Үшіншісі, баламалы медицина. Кейбір адамдар қазіргі медицина мен баламалы медицина арасында теңгерімді сақтағысы келеді. Сондықтан, халық емшілері кейде қосымша емдеу әдісі ретінде ғана қолданылып жатады. Төртіншісі, жан тыныштығы. Халық емшілері тек физикалық емес, рухани емдеумен де айналысады. Адамдар рухани тыныштық пен сенімділікті халық емшілерінен ғана ала аламыз деп сенеді.
Мысалы:
"Қазақ халқының халық емшісіне деген сенімі терең тамыр жайған және бұл сенімнің негізі – дәстүр, табиғатпен үйлесімділік және рухани қолдау", - деп қорытындылады Болат Бопайұлы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!