- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Халық екінші деңгейлі...
"Халық екінші деңгейлі банктерді байытып отыр". Депутат Абзал Құспан жоғары пайызбен берілетін несиеге шүйлікті
Депутат Абзал Құспан жоғары пайызбен берілетін несиеге шүйлікті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың мәліметінше, take-profit.org биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болады. Дерек көздерінде Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75 пайыз (2023 жылдың сәуір айы) екені көрсетілген.
"Бұл - 159 елдің ішінде 143 орыннан көрінуге септігі тиді. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда - 3,5 пайыз, Қытайда - 3,65 пайыз, Германия, - 3.75 пайыз, Англияда - 4,25 пайыз, Канада - 4,5 пайыз, АҚШ-та 5,25 пайыз деңгейінде белгіленген. Шетелдердегі қаржылық институттар шағын және орта бизнестің дамуына мүдделік танытып, бизнес жобаларды көптеп қаржыландырып жатады.
Енді өзімізбен деңгейлес посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14 пайыз болса, Қырғызстанда - 13 пайыз, Тәжікстанда - 10 пайыз, Әзірбайжанда 9 пайыз деңгейінде. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері 0,25 пайызды құраса, Камбоджада 0,88 пайыз екен. Сонда жерінің асты байлыққа тұңған Қазақстан халқы кредитті 16,75 пайыз мөлшерінде неге алады? Бұған не себеп?", - дейді депутат.
Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. Олай болса, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз.
"2023 жылдың 19 сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін көріп отырмыз деп сынған еді. Әрине, бұған Үкіметпен бірге екінші деңгейлі банктер де жауапты екені анық.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, ВТБ Банк пен "Bereke bank" АҚ жылдық пайыздық ставкасы 21,5 пайызды құрайды. "БанкЦентрКредит" АҚ - 23,6 пайыз, "Еуразиялық банк" АҚ - 23,7 пайызды, "Kaspi bank" АҚ - 24,4 пайыз, Home credit bank" АҚ 28,5 пайыз көлемінде кредит береді. Бұған банктердің сахтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда банкке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз, халықты қанаумен тең ғой!", - дейді Абзал Құспан.
Депутаттың сөзінше, соның салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25 пайызға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредит 56 пайызға дейін көтеріліп, халықты белшесінен қарызға батырып отыр.
Ел арасында мемлекет кредитті кешіреді екен деген әңгіме желдей есіп жүр. Неге? Өйткені кредитін төлей алмай отырған адамдар көп. Тағы да ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенетін болсақ, 2020 жылы 392 мың адам 90 күннен аса уақытта кредитін төлемесе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға жетті. 2022 жылы 534 мың адам уақытылы кредитін өтей алмағаны белгілі. Ал, Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-ның 2023 жылдың сәуір айында жүргізген статистикаға сай, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген. Ал осы жылдың 1-ші сәуіріндегі мәлімет қазақстандықтардың несиелері 30 пайыз пайызға-7.7 трлн теңгеге өскен. Яғни 822 мың адам қарызданушылар. Бұл ойлантатын мәселе. Қазір қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан екі фактор бар. Оның біріншісі - қымбатшылық, екіншісі - жоғары пайыздық мөлшердегі КРЕДИТ.
Тек туризм саласына иек артатын Фиджидегідей төмен пайыздық мөлшерде кредит берілетін болса, халықтың әлеуметтік деңгейі көтерілетін еді. Қазақстанда 7,1 миллион адам кредитпен күн кешуде. Яғни халықтың 36 пайыз пайызы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғаны белгілі", - дейді депутат.
Абзал Құспан осы айтылған мәселені Үкімет тарапынан тиісті бағдарламаларды дайындап, жаңа жобаларды жасау қажет, шағын және орта кәсіпкерлікке мүмкіндіктерді беруіміз қажет және жылдық пайыздық мөлшерлемені (базалық ставканы) төмендетуді шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина