- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Халық бір ай...
"Халық бір ай интернетсіз отырады". Шығыста ауыл тұрғындары шенеуніктер жұмысын сынады
Шығыс Қазақстанда Жоғарғы Тайынты ауылы туризмді дамытуға әлеуетті өлке саналғанымен интернет мәселесі талайдан бері шешімін таппай келеді. Елдімекен жұртының айтуынша, сабақ кезінде оқушылар да қиналады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімінің ауданға жасаған іссапары кезінде тұрғындар Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйіне жиналып, толғандырған сауалдарын қойды.
Интернетке қатысты сұраққа Шығыс Қазақстан облысы Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ілияс Абдрахманов жауап берді.
"Діңгекті антенна орнату бойынша жуықта қаражат бөлінді. Жергілікті әкімдікпен орны бекітіліп, жоспар нақтыланған соң жұмыс басталады. Теле 2 операторларымен келісім бар. Өз құрылғыларымызды биыл қойғанның өзінде интернет жылдамдығы келер жылы артуы мүмкін. Діңгекті антенна орнатылған соң ғаламтор тарту мерзімі бір ай", - деді ол.
Осындай уәдеге әбден тойған ұландықтар мұның бәрі сала-құлаш жасалатын әрекет екенін айтады. Олардың сөзінше, оқу басталғанда, балалары тау-тасты кезіп, әбден қиналады екен. Мұнарадан ақау шықса, кейбірі амалсыздан 80 шақырымды бағындырып, Өскеменге барады.
"Интернет мұнарасын үнемі желдің өтіне қоясыздар. Қатты жел тұрса, ұшырып алып кетеді. Бір орнатқан соң табиғаттың тосын мінезіне шыдас беретін жерлерді бағамдау керек. Ол үшін жергілікті халықпен ақылдасқан дұрыс. Сібе көлінің ең биік жеріндегі мұнара алты ай қыста істемей қалады. Қатты дауыл тұрса, халық бір ай интернетсіз отырады. Сіздер әйтеуір әкеліп орната саласыздар, "қойып болдық әрі қарай не болса ол болсын" деп. Қарасаңыздар, қаражат тұрғысынан қаншама шығын. Сонда мақсат жиі-жиі жөндеп, шығын шығару ма?" - деді аудан тұрғыны Жұмабек Жәпішев.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев Жоғарғы Тайынты ауылы тұрғындарына антенна қаңтар, ақпан айларында орнатылмаса, аудан басшылығы арқылы облыс әкімдігіне келіп, жағдайды баяндау ұсынылды.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz