- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Халық биліктің іс-әрекеті...
Халық биліктің іс-әрекеті ұнамайтынын қалай білдіре алады? Тоқаев түсіндірді
Азаматтар биліктің іс-әрекеті ұнамайтынын қалай білдіре алады? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты.
– Азаматтар биліктің іс-әрекеті ұнамайтынын қалай білдіре алады?
– Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.
Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қараңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды.
Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақымшылық жасалды. Бұған дейін сотталған 1205 адамның 1095-і осы рақымшылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкестік әрекеті, мемлекетке сатқындығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина