Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақ театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, ғұмырын көркем өнерге арнаған Көкшенің кербез сұлуы, өмірінің соңғы сәттеріне дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі болған Роза Әшірбекованың қазасы күллі театр өнерінің қабырғасын қайыстырды.
1960 жылдан бастап, табаны күректей 62 жыл театрымызда еңбек еткен өнер иесінің өнегелі есімі мен шығармашылық жолы қазақ театр өнері тарихында алтын әріптермен жазылары анық.
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Театрымыздың аяулы анасы, таланты талайларды таңдай қақтырған өнер иесі, ҚР Халық артисі Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы марқұмның жанұясына, жақындары мен күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады. Жарқын бейнеңізді барша әріптестеріңіз, сүйікті көрермендеріңіз мәңгілік жадында сақтайды", - делінген хабарламада.
Саналы ғұмырын өнерге арнаған Роза Әшірбекова 60 жылдан аса шығармашылық жолы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Сахнада алғаш жасаған Б.Тәжібаевтың "Қарагөз қарындасым" спектакліндегі Анна бейнесі арқылы театр өнеріне батыл қадам жасаған. Театр сахнасында актриса сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың "Махаббат мұңында"), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың "Арманым Әселімі" мен "Бетпе-бетінде"), Шафақ (М.Кәрімнің "Ай тұтылған түнінде"), Гертруда (У.Шекспирдің "Гамлетінде"), Гиацинта (Мольердің "Скапеннің айласында"), Аркадина (А.Чеховтың "Шағаласында"), Клеопатра Львовна (А.Островскийдің "Адам аласы ішіндесінде") сияқты рөлдер Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін жан-жақты танытқан, қазақ сахна өнері тарихынан өзіндік орын алған бейнелерге айналды.
"ҚР Халық артисі, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Роза Әшірбекованың жаназасы 3 тамызда сағат 08:30-да Алматы қаласы Қажымұқан, 28 мекенжайында, қоштасу рәсімі сағат 10:00-де Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өтеді", - делінген хабарламада.