- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- алтын бағамы
Халық алтын сатып аларда нені білуі керек?
Қазақстан алтын сатып алу бойынша әлемде 4-орында тұр. Ал алтын бағасы елде шарықтап барады. Қымбат металдың құнын кім бақылайды? Биыл баға тағы өсе ме? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.
"Соңғы үш жылда алтын бағасы 43%-ға өсті"
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі соңғы үш жылда алтын бағасы 43%-ға өскенін мәлімдеді. Редакция жолдаған ресми сауалға берген жауапта Ұлттық банктің монеталық операциялар департаменті қазіргі алтын бағасын үш жылдықпен салыстырды.
"Соңғы үш жылдағы алтын бағасы жаһандық және ұлттық экономикалық жағдайға байланысты айтарлықтай ауытқуларды көрсетті. 2021 жылдың соңында алтынның бір троя унциясының құны 1820,10 долларды құрады, ал 2024 жылдың аяғында баға 2610,85 долларға дейін өсті. Қарастырылып отырған кезеңдегі бағаның өсуі 43%-ды құрады", - делінген жауапта.
1 троя унция - 31,10 грамға тең. Қазіргі доллар бағамымен (521,17 тг) есептесек, 1 троя унция - 1 360 696 теңгеге тең. Яғни бір грамм алтын Ұлттық банк мәліметінше 43 752 теңгені құрайды.
сурет: depositphotos.com
Алтын базарларында баға қандай?
Алматыдағы танымал алтын базарындағы бағаны бақылап қайттық. Мұнда демалыс күндеріндегідей емес, қыз-қыз қайнап жатқан сауда серпіні сезілмейді. Десе де, адам аз деп саудасыз қалып отырған саудагерді көрмейсің.
с
Базарда алтын бағасы грамына 33 мыңнан басталады. Қымбаты 45-тен жоғарылай береді. Саудагерлердің сөзінше, баға сапасына қарай өзгере береді. Шымкенттік алтыннан бастап, италиялық брендтердің түр-түрі жайнап тұр.
Алтын сатып алушылар саудагерлерге қарағанда алтын өткізетіндерге арзан баға ұсынады. Олар алтынды талдап отырып ең азы - 25 мыңнан бастап сатып алады.
сурет: Massaget.kz
Алтын алушылар сатып алынған тауарды қайта сатпайтындарын айтты. Олардың сөзінше, алтындар қайта өңдеуге Шымкент қаласындағы алтын зауытына жіберіледі.
"Алтын өткізетіндер әртүрлі алтын алып келеді. Біреуі сапалы, біреуі сапасыз. Біреуі таза алтын, біреуі жалған. Оларды арнайы қышқыл сұйықтықпен тексереміз. Таза еместері көрініп тұрады. Бірден қарайып кетеді. Солайша оларды 25 мыңнан да арзан аламыз", - дейді (есімін жасырып қалуды өтінді - еск.) сатып алушы азамат.
сурет: Massaget.kz
Алтын бағасының өсуі саудагерлер үшін тиімді ме? Қара халық көбіне қандай мақсатта сатып алады? Бірнеше сауалдың жауабын саудагерлерден сұрап білдік.
"Алтынның бағасы қымбаттағалы алтынды жай сатып алып қоюға келетіндер көбейіп кетті. Бар ақшаларына түріне қарамай алып жатыр. Ал былайша алғанда қазақтардың көбі құдалыққа, киітке деп алады. Бізге бағаның өскені, өспегені аса маңызды емес. Біз бәрібір ортадағы қосқан ақшамызға аламыз. Сатып алушы халыққа ғана обал. Қазір бұрынғыдан да қымбаттап бара жатыр. Алдағы уақытта тағы өседі деген сыбыс бар", - дейді Жұлдыз есімді саудагер.
Жалған алтын сатушылардың жайы
Бағаның өскені былай тұрсын, қазір жалған алтын сатқыштар да көбейіп барады. Мәселен, былтыр жылдың аяғында Ақмола облысында AFM қызметкерлері шымкенттік зергерден жалпы салмағы 384,79 грамм, құрамы 99,5%, грамының бағасы 29 737 теңге құрайтын үш құйма алтын тәркілеген болатын. Бұл осыған ұқсас жайттың бірі ғана. Осындай алаяқтардың көбейіп кеткенін саудагерлер де жиі байқайтындарын айтты.
Ал Ұлттық банк осы мәселеге қатысты халыққа арнайы кеңес ұсынды. Редакцияға жолдаған жауапта ведомство Теңге сарайы шығарған алтынды сатып алу қауіпсіз екенін ескертті.
"Халықты жалған алтын құймаларын сатып алудан сақтану мақсатында, алтын құйманың қорғаныш қаптамасының тұтастығын сақтау міндетті шартымен, белгіленген ұйымдарда Теңге сарайы шығарған алтынды сатып алу қауіпсіз екенін атап өту қажет. Құймалар арнайы қаптамада шығарылады, ол сапа сертификаты да болады және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайды. Бірегей қорғаныш қаптамасы қаптаманың ашылғанын немесе ашылмағанын оңай анықтауға мүмкіндік береді", - деп жазды Ұлттық банк.
Сондай-ақ сатып алушылар алтын алмас бұрын қорғаныш қаптамасындағы ультракүлгін сәулеге назар аудару қажет.
"Клиент ультракүлгін сәуле арқылы қорғаныш қаптамасының түпнұсқалығын оңай тексере алады. Ультракүлгін сәуленің әсерінен люминесцентті жазулар қорғалған (ашылмаған) қаптамада мөлдір терезе арқылы пайда болады, олар қаптама ашылған жағдайда өзгереді. Құймаларды тұтас қорғаныш қаптамасында сақтау ұсынылады", - деп қосты мекеме.
сурет: depositphotos.com
Бағаны кім бақылайды?
Ұлттық банк алтынның бағасы және оның инвестициялық тартымдылығы жаһандық геосаяси шиеленіске, АҚШ-тағы экономикалық және саяси жағдайға, соның ішінде ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерінің өзгеруіне, сондай-ақ инфляция деңгейіне, әлемдік қаржы нарықтарының жағдайына, орталық банктер мен тұтынушылардың сұранысына байланысты екенін айтты.
"2025 жылы алтын бағасы көптеген факторларға байланысты болады, соның ішінде геосаяси тәуекелдер, АҚШ долларының бағамы, орталық банктердің пайыздық мөлшерлемені төмендетуге бағытталған ағымдағы саясаты және басқалары. Әдетте, жоғары инфляция, экономикалық дағдарыстар және геосаяси тәуекелдердің өсуі кезеңінде алтынға сұраныс тәуекел және валютаның құнсыздануынан қорғайтын актив ретінде артады", - деп жауап берді ведомство.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Литпин