Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Massaget.kz.
– Қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық ақыны, «Барыс» орденінің иегері, Қостанай облысының Құрметті азаматы Әсия Әйіпқызы Беркенова дүниеден өтті деген қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Тобыл-Торғай жұртшылығына, апамыздың әулетіне қайғыра көңіл айтамын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамай, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып жүрді. Өмірлік серігі Табылды ағамызбен бірге Аян, Айбек, Айгүлдей перзенттер тәрбиелеп, немере-шөберелерінің қызығын көрді. Артында өшпес мұрасы мен жарқын бейнесін жалғастырар ұрпағы қалды. Ақынның өрнекті өлеңдері мен өткір жырлары, ұлттық өнер мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталады, - деп қаралы хабарды жеткізді.
Әсия Беркенова 1950 жылғы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Сұлукөл ауылында дүниеге келген.
Ол 1982–1983 жылдары Қостанай облысында өткен айтыстарда топ жарып, 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыста бірінші орынға ие болды.
Ақын халықаралық деңгейдегі сөз сайыстарына да қатысты. Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей және Қазақстан ақындары қатысқан халықаралық айтыстың жүлдегері атанды.
Әсия Беркенова – Қазақстанның халық ақыны, "Құрмет" және III дәрежелі "Барыс" ордендерінің иегері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз