Халидолла Дәуешов қызметінен кетті

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Халидолла Дәуешов қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі негізінде Бас прокурордың 2024 жылғы 18 қарашадағы бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Халидолла Зиноллаұлы Дәуешов Ақтөбе облысының прокуроры лауазымынан қызметті өткерудің шекті жасына жетуіне байланысты босатылды", - делінген прокуратура хабарламасында.

Халидолла Дәуешов заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін І және ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен наградталған.

Прокуратураның құрметті қызметкері.

Халидолла Дәуешов - 1964 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1984-1985 жылдары Ауғанстан Республикасында соғыс қимылдарына қатысқан.

1991 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы

Прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы Гурьев қаласы прокуратурасының тәлімгері болып бастаған.

1992-1994 жылдары Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, 1994-1999 жылдары Атырау облысы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім аға прокуроры, бөлім бастығы болып қызмет істеді.

1999-2002 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау департаментінің аға прокуроры, арнайы прокурорлар және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің аға прокуроры болды.

2002-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының прокуроры, Атырау облысының Жылыой, Мақат аудандарының және Атырау қаласының прокуроры лауазымдарын атқарды.

2012-2019 жылдары Жамбыл және Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Қызылорда облысының прокуроры қызметтерін атқарды.

2019-2022 жылдары Атырау облысының прокуроры қызметтерін атқарды.

2022 жылдың 27 шілдесінде Ақтөбе облысының прокуроры болып тағайындалды.

Ауғанстан Республикасында интернационалдық парызын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен әскери батылдығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 05.04.1985 жылғы Жарлығымен "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен марапатталды, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 23.02.1988 жылғы Жарлығымен "КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл" медалімен марапатталған, 1988 жылы "Ауған халқынан жауынгер интернационалистке ризашылық білдіру" медалі, 28.12.1988 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен "Интернационалист жауынгерге" грамотасы, 1988 жылы "Интернационалист жауынгерге" медалі, Қазақстан Республикасы Президентінің 03.05.2002 жылғы Жарлығымен "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалімен, 2011 жылы "Қазақстан Республикасының прокуратураның 20 жыл" медалімен, 2012 жылы  "Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 20 жыл" медалімен, 2013 жылы "Прокуратура құрметті қызметкері" төсбелгісімен, 2016 жылы "Қазақстан Республикасы прокуратурасына 25 жыл" медалімен, 05.12.2017 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен, 2019 жылы "Прокуратура ардагер" медалімен марапатталған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!